Алматы әкімдігі өкілдері жылу болмаған жағдайда қайда жүгіну керек екенін еске салды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жылыту маусымы қарсаңында тәулік бойы жедел әрекет ету штабы жұмыс істейді. Жылу болмаған, су аққан немесе ақау туындаған жағдайда тұрғындар 109 жедел желісіне, 225-14-31 нөмірі бойынша бірыңғай диспетчерлік орталыққа, сондай-ақ, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдарына жүгіне алады.
"Жылыту нысандарын орталық жүйеге қосу кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алдымен жылу әлеуметтік маңызы бар нысандарға - білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдарына және тұрғындар үшін маңызды басқа да нысандарға беріледі. Одан кейін көппәтерлі тұрғын үйлер мен өзге де нысандар жылу жүйесіне қосылады", - деді әкімдік өкілдері.
Тұрғындарға жылыту маусымы басталғанға дейін пәтерлердегі радиаторлар мен бекіту арматурасының жарамдылығын тексеру ұсынылды. Жылыту жүйесіне өз бетінше тиісуге, соның ішінде радиаторларды алып тастауға немесе жүйедегі суды ағызуға болмайды. Мұндай әрекеттер апатқа, жылыту жүйесі жұмысы бұзылуына әкеп соғуы мүмкін.
Өтінішті Open Almaty және e-Otinish сервистері арқылы, сондай-ақ, басқарманың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына да жолдауға болады.
Еске салайық, Алматыда жылыту маусымын 9 қазанда бастау жоспарланған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова