Алматыда автотұрақ кеңістігін ұйымдастыру қағидаларын жаңарту көзделіп отыр. Тиісті жобаны Мәслихат отырысында Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев таныстырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
Құжатқа сәйкес көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары тұрғылықты жерінен 500 метр радиуста орналасқан коммуналдық автотұрақта бір көлікті тегін қоя алады. Бұл ретте нақты автотұрақ орны бекітілмейді. Мұндай тәсіл автотұрақты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, құжатта автотұрақтарды жабдықтау, олардың жұмыс тәртібі мен төлем жасау тәсілдеріне қойылатын бірыңғай талаптар белгіленген. Қағидалар сақталуы мобильді және стационарлық сурет және бейнетіркеу кешендері арқылы бақыланады.
Тағы қандай жағдай жасалады?
Жүргізушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қолданыстағы жеңілдік мерзімдері де сақталады. Жолаушыларды отырғызу немесе түсіру үшін тротуар бойындағы автотұрақтарда алғашқы 5 минут, ал алаңдағы автотұрақтардан шығуға 10 минут тегін уақыт беріледі.
Бұған қоса, соғыс ардагерлері, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы аналар, электр көліктерінің иелері және жедел қызметтердің көліктері автотұрақ ақысын төлеуден толық босатылады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова