Алматылық тұрғындар жылу қосылғалы бері ыстық судың сапасы бүлінгенін айтып шағымданды. Мәселеге орай Massaget.kz Алматы жылу желілеріне жүгінді.
Әлеуметтік желі қолданушылары үйлеріндегі ыстық судың түсі сарғайып кеткенін, сондықтан оны қолдана алмай отырғанын айтады.
"Жуынатын бөлмедегі суды қосып кетіп, өз ісіммен айналысып жүре бердім, біраз уақыттан кейін жуынатын бөлмеге кірсем, ваннада "жаңа піскен компот" тұр", "Кішкентай қызымды шомылдыра алмадым. Қорықтым. Үлкен қызым да қорқа-қорқа түсті суға", "Жуынуға жиіркенішті", "Нашар су, терің шырыштанып, қабыршақтанып кетеді", – деп жазды желідегілер.
Жағдай Алматының көпшілік ауданында байқалған. Дегенмен кейбір тұрғындар алғашында судың түсі сары болып, кейін қалпына келгенін айтса, кейбіреулері біраз күннен бері жағдай осындай екенін жеткізді.
Алматы жылу желілерінің баспасөз қызметінің жауабына сүйенсек, кейбір аудандарда сары су ағуы мүмкін. Бұл – қалыпты жағдай, дегенмен бәрі ПИК-ке (КСК – еск.) байланысты. Пәтер иелерінің кооперативі уақытылы ішкі жылу жүйелерін жуса, мұндай мәселе туындамауы қажет.
"ПИК тұрғын үйді іске қосу кезінде тұрып қалған суды шайып тастауы керек, сондай-ақ жазда үйдің бүкіл жылу жүйесін жууы керек", – деп жазылған жауапта.
Сонымен қатар жылу беру маусымының басында және жөндеуден кейінгі кезеңде темір қосылыстарының құрамы ашық жүйелерде нормадан 2 апта ішінде асып кетуіне жол берілетіні хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!