Алматы тауында қаза тапқан үш жігітке қатысты тың дерек шықты

Алматы тауында қаза тапқан үш жігітке қатысты тың дерек шықты
Фото: "КТК" кадры

Алматыда тауда қаза тапқан үш жігіттің денесі жер қойнына тапсырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

Құтқарушылар алдымен 20 жастағы жігіттің денесін "Локомотив" шыңынан түсірген. Араға бір тәулік салып, тағы екеуінің мәйіті 4 мың метр биіктен табылды. Телеарна мәліметінше, марқұмдар тау шыңын бағындыруға кетіп, көшкіннің астында қалып қойған.

"Іздестіру кезінде "Локомотив" шыңында көшкін жүргені анықталды. Үш жігіттің мәйіті теңіз деңгейінен 4 мың метр биіктегі шыңнан табылды. Іздеу кезінде ауа райы мен ұйытқыған жел жұмысымызға қатты кедергі келтірді. Қар қалыңдығы тізеден асады. Марқұмдарды төменге түсірудің өзіне алты сағаттан аса уақыт кетті", - деді Алматы қаласы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Денис Ярцев.

17, 19 және 20 жастағы үш жігіт өткен сәрсенбіде тауға аттанған. Олар Іле Алатауының "Мыңжылқы" шатқалы және "Локомотив" шыңына жеткенде байланыс үзілген.

Үшеуі де бұрыннан тауға саяхаттап, шыңға шығуды ұнатқан.

"Үш жылдық тәжірибесі бар", - дейді жақындары.

Бұл жолы да қалың киініп, бірнеше күнге жететін азық-түлік алып кеткен екен. Телефондары өшіп, ешқандай хабар болмай қалған соң туыстары құтқару қызметіне хабар берген. Марқұмдардың жақындары болған жағдайға сенер-сенбесін білмей отыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget