Кейбір туристер Көк Жайлау шатқалында демалып, кейін бүлдіріп кетеді. Бұл туралы Алматы тұрғындары айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматылық Ерлан Алдабергеновтің айтуынша, кейінгі уақытта Алматы тауларында туристер саны айтарлықтай артқан және олардың басым бөлігі демалыс күндері тауға шығады.
"Осы себеппен екі жыл бұрын өзіме ереже бекіттім, ол - демалыс күндері табиғатқа, тауға шықпау. Өйткені онда тыныштық үшін, қала қарбаласынан алыста, табиғатты тамашалау үшін барады. Мұны көпшілік арасында сезіну қиын. Дегенмен бұл жолы әйелім көндірді, ұзақ уақыт бойы алғаш рет аптаның адам көп болатын күнінде тауға шықтым. Көргендерімнен қатты көңілім қалды", - деді видеодағы ер адам.
"Тауға шығып, сол жерде демалатын адам көп болды. Бірақ, өкінішке қарай, көпшілігі өзін қалай ұстау керегін білмейді. Олар қоқыс қалдырады, әр бес метр сайын от жағады. Барлық жерде темекі тұқылы, майлықтар және басқа да қоқыстар қалған, оларға қарау мүмкін емес. Сонымен қатар, тауға шыққан жастар өздерімен бірге музыкалық құрылғыларды алып шығып, музыканы қатты тыңдайды. Неге бұлай жасайды? Адамдар тауға демалуға, қалада жоқ тыныштықты сезінуге барады ғой. Бірақ студенттер басқалар да өздерінің сүйікті музыкасын тыңдауы керек және бұл дұрыс деп санайды. Алайда бұл қалыпты жағдай емес. Бұл кештер немесе кинокөрсетілімдер өткізілетін орын емес. Мұны қалалық саябақтарда жасаңыздар", - деді Алдабергенов.
Ол барлығын осы мәселемен күресуге шақырады. Ол үшін алматылық әкімдікке де жүгінуді ұсынды.
"Қоқыс тастамауға шақыратын үнқағаздардан бөлек, таудағы музыканы құлаққаппен тыңдаңыз деген ескерту де ілінуі керек. Туризмді дамыту үшін көп ақша бөлінетінін білемін. Бірақ кейде олар мақсатына сай жұмсалмайды", - деп атап өтті Алдабергенов.
Сондай-ақ, ол қаладағы кейінгі оқиғаларды айтты.
"Жақында ескі алаңда Gakku Dauysy концерті болды. Кейін көрермендердің артында не қалғанын көрдік... Концертте студенттер болды, несін жасырасың? Олар - қоғамдық орындарда, оқу орындарында өзін ұстай алмайтын студенттер", - деді ол.
Көк Жайлау орналасқан Іле-Алатау ұлттық паркінің әкімшілігі өкілдері осы жағдайға қатысты пікір білдірді. Демалыс күндері әрқашан турист көп болады. Ұлттық парк өкілдерінің айтуынша, инспекторлардың барлығын қадағалауға уақыты жоқ.
"Ұлттық парк аумағы 41 мың гектардан асады. Қызметкерлер жетіспейді, әр туристке қоятын инспектор жоқ, бізде 34 инспектор ғана бар. Ең алдымен, саналы адамдар тауда өзін қалай ұстау керегін түсінуі керек.
Өз тарапымыздан жұмыс істейтін, аумақты қарайтын инспекторлар тобы бар. Бірақ Көк Жайлаудан басқа да учаскелер бар, оларды да қадағалау қажет. Оның үстіне, қазір өрт қаупі төніп тұрған кезең. Инспектор бір жерде тұрса, басқа жерде өрт шығуы мүмкін", - деді Ұлттық парктің Медеу филиалы директорының орынбасары Марғұлан Әжібеков.
Ол туристер осы жағдайды пайдаланатынын айтты. Әжібековтің айтуынша, инспекторлар жанындағы адамдар өздерін қалыпты ұстайды, бірақ олар кеткен бойда табиғатты бүлдіре бастайды.
"Біздің адамдар мәдениетті емес, олар айналада ешкім жоқ екенін көрсе, қоқыс тастап кетеді. Екіншісі барады, пакет жатқанын көреді, ол да өзінің қоқысын сол жерге тастайды. Олар қоқысты табиғат үшін алып кетуге міндетті, сонда ғана табиғат сол күйінде қалады. Өйткені туристер демалуға, өздерін тыныштандыруға және жақсы атмосфераны сезінуге келеді. Олар керісінше жасайды, қалада қалай әрекет етеді, мұнда да солай жасайды. Дегенмен адамдар от жағатын жерде біздің арнайы топ жұмыс істейді, олар түнде де кезекшілік етеді. Тәртіпбұзушыларды ұстайды. Құдай сақтасын, мұнда да Қостанай облысындағыдай өрт болса. Адамдар мұнда от жағу қауіпті екенін білуі керек. Біз үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз, оларға түсіндіреміз, барлық жерде белгі бар. Алайда мұны оларға қалай жеткізу керегін білмеймін", - деді филиал директорының орынбасары.
Әжібеков туристерді табиғатқа мұқият қарауға шақырды.
"Туристер сусындарын апарады, содан кейін алып кетпейді, бір көлік алып кету үшін бәрін сол жерге қалдырады. Бірақ ол үшін Көк Жайлаудың барлық бұрышына барып, бәрін жинау керек. Сондықтан әрбір адам қоқысын алып кетсін. Осындай жерлерге баратын жастарымызға мәдениетті қалыптастыру керек. Адамдар мұны түсінеді деп үміттенемін", - деп түйіндеді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!