Сот Алматы әкімдігінің талап арызының негізінде тауда заңсыз салынған 10 нысанды бұзуға шешім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Брифинг барысында Алматы қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Төлебаев биылдан бастап сотқа заңсыз тұрғызылған объектілерді бұзу туралы 53 талап арыз жіберілгенін (17 қанағаттандырылды, 36 қарауда) хабарлады. Оның 19-ы бұзылып, 20-сы тоқтатылды, сонымен қатар, 247 құрылыс лицензиясы тоқтатылды.
Басқарма былтырдан бері Алматы тауларында заңсыз салынған 52 нысанды анықтады. Оның ішінде ең көп - Медеу (24) және Бостандық аудандарында (21). Сотқа 42 талап арыз жазылып, оның 16-ы бойынша шешім шықты. 10 нысан бұзылып, тағы алты құрылыс салушы сот бұйрығын орындауы керек.
740 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, жалпы сомасы 187 миллион теңгеге әкімшілік айыппұл салынған 956 заңбұзушылық анықталған.
"Сапасыз құрылыс және құрылыс-монтаждау жұмыстарын ұйымдастырғаны үшін 35,7 миллион сомаға 47 мердігер ұйым жауапқа тартылды. Олардың ішінде - 9 миллион теңге сомасына бюджеттік объектілер бойынша 14 мердігер ұйым бар. Алматы қаласы әкімінің бастамасымен Президенттің қолдауымен тексеру жүргізу тәртібін қайта қарап, салынып жатқан объектілерге бақылауды күшейту жөнінде түзетулер енгізіледі. Тиісті заң жобасы парламенттің қарауына жіберілді", - деді Олжас Төлебаев.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!