Алматы тауларында қаза тапқан жігіт қалай табылғаны айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы ТЖД мәліметінше, марқұмның денесі дрон көмегімен табылған.
"11 шілдеде сағат 07:30-да Алматы тауларында Алматы ТЖД, құтқару қызметі мен еріктілер ұшқышсыз ұшу аппаратын қолдана отырып, теңіз деңгейінен 3000 метр биікте ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында мәйітті тапты", - деді ТЖД өкілі.
Құтқарушылар денені тасымалдау үшін сол жерге дереу шыққан. Олар 2,5 сағаттан аса уақыт жаяу жүрген.
"Оқиға орнында жедел штаб жұмысын жалғастырып жатыр. Марқұмның жақындарымен Алматы қаласы ТЖД психологтары жұмыс істейді", - деп толықтырды ведомство өкілі.
Айта кетейік, 18 жастағы Ақылбек Нұрислам 2 шілдеде жоғалып кеткен болатын. Туыстарының айтуынша, ол тауға кеткен. Соңғы рет оның телефоны Үлкен Алматы шатқалы маңында тіркелген. Іздеуге 40-тан аса адам жұмылдырылды. Сондай-ақ, іздеу жұмыстарына авиация, кинологтар мен дрондар тартылды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы тауларында жоғалып кеткен студент өлі табылғаны хабарланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!