Алматы тауларында қыз қаза тапты: бұл жайт туралы не белгілі?

Алматы маңындағы тауда болған қайғылы оқиғаға қатысты жаңа мәлімет шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2 мамырда Алмарасан шатқалында тас құлап, салдарынан қыз қаза тапқан болуы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Алайда Төтенше жағдайлар министрлігінің Республикалық жедел құтқару жасағы мәліметінше, қайғылы жағдай 4 мамырда Горельник сарқырамасы маңында болған. Бұл оқиғаның екі күн бұрынғы тас құлаған оқиғаға қатысы жоқ. Ресми мәліметке сәйкес ол кезде ешкім зардап шекпеген.

"4 мамырда теңіз деңгейінен 2,5 мың метр биікте, Горельник шатқалындағы сарқырама маңында құтқарушылар, медицина қызметкерлері, кинологтар бірлесіп, қыздың денесін тапты. Мәйіт полиция қызметкерлеріне тапсырылды", – деп жазылған ведомство хабарламасында.

Қыз нақты неден қаза тапқаны әзірге белгісіз. Әлеуметтік желілерде оқиғаның куәгерлері қыздың үстіне үлкен тас құлаған болуы мүмкін екенін жазып жатыр.

Құтқарушылардың мәліметінше, жыл басынан бері Алматы тауларында 80-нен аса құтқару операциясы жүргізілген. 100-ден аса турист, соның ішінде 20 бала құтқарылған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!