Алматы облысында жабайы жануарлар қырылып жатыр. Тауларда қасқыр, түлкі, елік, тіпті құстар да өлі табылып жатыр. Кейінгі үш жылда 40 жануар өлі күйінде табылған. Қорықшылардың сөзінше, жануарларды жергілікті бақташылар үй жануарларына шаппауы үшін өлтіріп жүр. Ол үшін тышқанға арналған дәрі қолдануы мүмкін екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қарақыстақ ауылының тұрғындары өлі табылған жабайы жануарларды көріп шошыған. Жақында тауда түлкі өлі күйінде, артынша елік те табылған. Ал былтыр қорықшы Владимир Журомский тауда үш қасқырдың өлі күйінде жатқанын көрген.
Телеарна мәліметінше, үш жыл бұрын Майтөбе және Суықтөбе тауы маңында 40-қа жуық қасқыр жүрген. Енді оның бірде-бірі қалмаған. Қорықшылардың сөзінше, соңғы екеуі биыл көктемнің басында жоғалып кеткен. Бұл жыл сайын қайталанатын проблема. Бірақ жабайы жануарлардың неден өліп жатқаны әлі анықталмаған. Қорықшылар түлкілер мен қасқырларды жергілікті бақташылар улап өлтірген болуы мүмкін екенін айтады.
Ал бақташылар жабайы жануарларды улаудан ештеңе шықпайтынын, бәрібір үй жануарлары да уланып қалуы мүмкін екенін айтады. Жабайы жануарларда қандай да бір ауру байқалмаған, сондықтан бұл инфекция емес. Жануарлардың бәрі өзеннің қасында өлі табылған. Ал мамандардың сөзінше, егер жануарлар у ішіп қойған болса, олар шөлдей бастайды екен.
У ветеринарлық дәріханаларда еркін сатылып жүр, оның күші қасқырды өлтіруге жетеді. Жергілікті әкімдік жануарлар қырылып жатқаны туралы қорықшылардан білген. Олар жергілікті шаруа иелеріне ескерту жасап, дәріханаларды тексеріп шығуға уәде берген.
Қорықшылар егер орман "санитарлары" жоғалып кетсе, табиғаттағы баланс жоғалатынын ескертті. Бұл табиғи апатқа әкеп соғуы мүмкін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!