Алматы тауларында қар жауды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ақпарат "Шымбұлақ" тау-шаңғы курортының ресми Instagram-парақшасында пайда болды.
"Табиғат мезгілдері ауысып кеткен секілді, дәл қазір Талғар асуында қар тасып жатыр", - делінген Stories-те.
Алматы облысы Төтенше жағдай департаменті өкілдерінің мәліметінше, синоптиктер Алматы тауларында қар жауғанын растаған.
"3500 биіктіктен жоғары тауларда қар жауды. Ауа райына байланысты ескерту жасалды", - делінген жауапта.
Айта кетейік, бұған дейін синоптиктер Алматы облысында ауа райына байланысты ескерту жасаған еді.
28 тамызда Алматы облысының оңтүстігінде, орталығында кей уақытта қатты жаңбыр, таулы аудандарында қатты жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар) күтіледі. Облыстың солтүстігінде, орталығында, тау бөктеріндегі аймақтарында найзағай, бұршақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батыс бағытқа ауысады облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, таулы аудандарында екпіні 15-20, кей уақытта секундына 23-28 метр. Алматыда 28 тамызда кей уақытта қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады найзағай кезінде екпіні секундына 15-20 метр. Қонаев қаласында 28 тамызда кей уақытта қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады найзағай кезінде екпіні секундына 15-20 метр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз