Алматы тауларында жоғалған шетелдік азамат іздестіріліп жатыр

Алматы тауларында жоғалған шетелдік азамат іздестіріліп жатыр
Фото: gorny-club.kz

Алматы тауларында жоғалған шетелдік азамат іздестіріліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол 28 қыркүйекте басқа да туристермен бірге "Шымбұлақ" аспалы жолы арқылы тауға көтерілген. Кейін топтағы адамдарға маршрутты өздігінен жалғастырып, қалаға да өзі қайтатынын айтқан. Алайда қонақүйге оралмаған.

29 қыркүйекте құтқарушыларға шетелдік азамат жоғалғаны туралы хабарлама түскен.

ТЖМ мәліметінше, Талғар асуы аумағында, шамамен 3200 метр биікте 1953 жылы туған азамат іздестіріліп жатыр. Жұмыстар тәулік бойы ұйымдастырылған. Оқиға орнында жедел штаб құрылған.

"Іздеу топтары жету қиын учаскелерді, шатқалдар мен беткейлерді, асулар мен шыңдарға бағытталған маршруттарды тексеріп жатыр. Сондай-ақ, осы аумақта орналасқан су айдындарының акваториясы да тексерілді", - деп жазылған хабарламада.

Іздеу жұмыстарына ТЖМ күштері мен құралдары, Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы, "Барыс" РҚҚ, Полиция департаменті, сондай-ақ, еріктілер тартылған.

Жалпы 130 адам, 8 техника, 3 кинологиялық есеп, 11 ұшқышсыз ұшу аппараты, ТЖМ авиациясы жұмылдырылған. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget