Алматы стадионының экс-басшысы Бауыржан Жұмажанов: “Менің шындығым“

Алматы стадионының экс-басшысы Бауыржан Жұмажанов: “Менің шындығым“
Фото: Massaget.kz/Нұржан Рысбеков

"Астана"-"Челси" матчы кезінде қары күрелмеген трибуна оқиғасынан кейін қызметінен кеткен Алматы Орталық стадионының экс-басшысы Бауыржан Жұмажанов өз шындығын айтып, Massaget.kz  тілшісіне сұхбат берді. Жұмажанов кім? Ол басшылыққа қандай жолмен келді? Қар тазалауға ресурс пен жұмыс күші неге жетпеді? Дирекциядан неге қолдау болмады? Толығырақ сұхбатта.

Бауржан Жұмажанов - massaget.kz

- Стадионға қай жылы басшы болып келдіңіз?

- Былтыр маусым айында жұмысты бастадым.

- Сіз келген жылдары нысанда қандай мәселелер бар еді?

- Мәселе, әрине, өте көп. Ең бірінші назар аударатын дүние - бұл стадион өте ескі, қайта жаңартуды талап етеді. Негізі жаңа технологиялар алып келіп, реконструкция жасау керек. Ол жөнінде мәселе әлі көтеріліп келе жатыр. Қала әкімі де соңғы кездесуінде халыққа келесі жылы осы жұмысты атқаратындықтарын жеткізді. Стадионда дәл қазір жанкүйерлер отыратын 23 800 орындық бар. Десе де, ескі технологиямен салынған нысан жаңа талаптардың көбіне сәйкес келмейді. Қолымыздан келгенше алаңды стандарттарға сәйкестендіруге тырыстық. Оған - Челси, Португалия, Норвегия келіп ойнап кеткені, УЕФА-ның рұқсат бергені дәлел.

- Осыған дейін қайда қызмет атқардыңыз?

- Көп жерде қызметте болдым. Соңғы қызметтерімнің бірі - "Қорғас" халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы, төрағаның орынбасары қызметі. Сол жерден Орталық стадионға ұсыныспен ауысып келдім. Оның алдында жеке кәсіппен айналыстым. Атырауда 300 адамнан тұратын логистикалық жобаны жүргіздім. Жоба біткен соң, мемлекеттік қызметке мойын бұрдым.

- Стадионның басшылық қызметіне кім тағайындады. Біреу бекіте ме? 

- Бұл лауазымға дирекция тағайындайды. Нақтырақ, спорт мекемесінің басқармасы. Ол әкімдік жанынан құрылған мекеме. Бұл басқармаға Алматының ең үлкен, беделді деген нысандары кіреді: Almaty Arena, Halyk Arena,  "Атлеттер ауылы", "Сұңқар" трамплиндері, Медеу және осы Орталық стадион деген сияқты. Сайланғалы бері, міне, 1,5 жылдан аса уақыт өтті.

- Сайлаған басшылықпен байланыс нашар ма? Неге сіздің мәселеңіз олардың құлағына жетпей жүр?

- Арақатынас... Сәлеміміз дұрыс деп ойлаймын. Басшылықтың құлағына мәселеміз, әрине, жетті. Өйткені жұмыс процесі соған құрылған. Бізге бір нәрсе керек болса, келесі жылға жоспар құратын болсақ, бәрін дирекция арқылы шешеміз. Қызметтік хат, жиналыс жасау арқылы жасалатын дүние. 

- Оқырманға түсінікті болу үшін, бұл алаң жекеменшік қолында ма? Әлде үкімет балансында ма?

- Мемлекет балансында.

- Егер мемлекет балансында болса, стадионды қалыпқа келтіруге неге көңіл бөлінбей жүр?

- Мен осы қызметке келгеннен бастап, бұл әңгіме қозғалып бастаған. Бірақ стадионды жөндеуге ақша бөлінген жоқ. Реконструкция болатын болған соң, қайта-қайта шығындалмайық деді. Бірақ қолымыздан келгенше стадионды осы қалыпта ұстауға тырысып жүрдік. Жанашыр жандардың арқасында, әсіресе "Қайрат" командасының көмегімен, ынсабымызбен, өз қалтамыздан қаражат шығарып, бірқатар жұмыстар атқардық. Оның дәлелін де ұсына аламын. Мысалы, батыс бөліктегі ғимараттардың құлап жатқан сылақтарын қалыпқа келтірдік. Жарық беріп тұрған бағанды тат басып кетті, оны альпинистер шақырып, "Қайрат" командасының көмегі бар, әйтеуір реттедік. Дирекциядан қолдау мүлде болмады.

- Қарамағыңызда қанша жұмысшы бар, олар қандай жалақы алады, неше техника бар?

- Стадион аумағы 10 гектарды құрайды. Сол аумақта біздің балансымызда бір ғана трактор, бір тракторист бар. 10 еден жуушы әйел адам, 4 аула жұмысымен айналысатын қызметкер бар. 1 бригадир, 2 инженер, 1 администратор, 1 іс жүргізуші, 1 IT маманы жұмыс атқарады.

- Жұмысқа басшы болып тағайындалғаннан кейін 1 ғана техника барын көрдіңіз, жұмыс күші аз екенін білдіңіз. Бұны басшылыққа жеткіздіңіз бе?

- Қосымша техника сұрағанбыз. Яғни ауыр заттарды көтергенге манипулятор, қар жауған кезде оны шығаратын жүк мәшинесі, фронталды жүк тиегіш керек болды. Қателеспесем, былтыр осы ұсынысты дирекцияға жаздым. Бірақ оған қаражат бөлінбеді, ондай техника сол күйі алынбады. Ал жұмысшыларға келсек, аз жалақыға көбісі істегісі келмейді. Мысалы, Алматыда орташа жалақы 409 мың теңгені құрайды, осындай нысандарда қызмет көрсету мамандары орташа 200 мың алады. Бізде жұмысшылар айлығы 70 мың мен 100 000 теңге аралығында. Көбісі, әрине, шыдамайды. Бұны да жұмысшылар ұжым болып хат жазып, басшылыққа жеткізген. Жауап жоқ.

Бауржан Жұмажанов - massaget.kz

- "Астана"-"Челси" матчында болған жағдайға ығыссақ. Жұмыстан сізді жалпы кім шеттетті? Басты себебін қалай түсіндірді?

- Жұмыстан өз еркіммен кеттім. Желіде шу болған ақпарат тарап кеткеннен кейін, орнымды босаттым. Ел дүрлікпесін дедім. Бірақ бастапқыда айтылып жүргендей, бұл жерде тек менің кінәм емес. Жұмыстың жүйесі бар, барлық гәп сонда жатыр.

- Мәселені шешудің ең оңай жолы - жұмыстан кету ме сонда? Жағдайды дұрыстауға, кешірім сұрап, оқиғадан сабақ алғаныңызды жеткізіп, жағдайды реттеуге болмады ма?

- Ондай жолдар, әрине, болды. Жұмыстан кету немесе қалуды ұйымдастыратын біздің басшылық. Қызметтік тексеріс жасап, істің ақ-қарасын анықтап, сосын барып шешім қабылдау керек қой. Бізде ондай болған жоқ.

- Сізді біреу кінәлады ма?

- Жоқ, кінәлаған жоқ.

- Онда неге өз еркіңізбен кеткіңіз келді? Әлде халықтың пікірі үшін бе?

- Халықтың пікірі үшін болғанда... Енді жоғарғы басшылықтан "орныңызды босатыңыз, ертеңнен бастап жұмыстан боссыз" деген әңгіме айтылды. Содан кейін кеттім.

- Демек, басшылық олай айтпаса, жұмысты жалғастырар едіңіз?

- Әрине.

- Бұл өз еркімен кетті дегенге жата ма?

- Енді, заң жүзінде, иә.

- Шынында да стадионның қар тазалау жұмыстарын ұйымдастыра алмадыңыз ба?

- Неге, ұйымдастырдым. Матч желтоқсанның 12-сі болса, 9-нан 10-на қараған түні қар жауды. Біз таңертең оның бәрін сыпырып үлгерген едік. 10-нан 11-іне қараған түні тағы қар жауды, сол кезде бізге адам жетпей қалды. Мен сол себепті дирекциядан қосымша жұмыс күшін сұрадым. Енді трибунаның өзі 40 мың шаршы метрді құрайды. Өзіңіз ойлап көріңіз, 4 адам тұрмақ, онда 10 адамның да шамасы жетпес еді. Біз тағы 15 адам сұраттық. Бас-аяғы 4 күнге қолғабыс етсін деп. Өкінішке қарай, ондай көмек дер кезінде келген жоқ. Жұмысшылар қолынан келгенін жасады, олардың еш кінәсі жоқ.

- Басшы ретінде сонда қолыңызда мүлде ресурс, қаржы жоқ па?

- Солай деуге болады. Тіпті бір күректің өзін қызметтік хат жазып алдырамыз. Әйтпегенде, қаншама жобалар бар еді, стадионды қалыпқа келтіруге қатысты. Қолымыз байлаулы...

- "Астана"-"Челси" матчынан кейін УЕФА атынан ескертулер болды ма? Англиядан келген жанкүйерлер не деді?

- Тек қана алғыс болды. Рақметтерін айтып кетті. Осындай суық ауа райына қарамастан, тірі газонды қалай ұстап отырсыз деген сауалдар жолдады. Бұл, керісінше, үлкен жұмыс деп риза болып қайтқан. Алаңда тек трибуна ғана емес қой. Қаншама детальдар бар, әсіресе газон. Біз стандарттың бәріне сай келуге тырыстық.

Бауржан Жұмажанов - massaget.kz

- Ал бұған дейінгі қысқы ойындарға қалай дайындалып жүрдіңіздер?

- Бұған дейін қысқы ойындар болмаған. Былтырдың өзінде спорттық маусымды қазан айында бітіріп, бәрін жапқанбыз. Ойындарды келесі жылы наурыздың 1-інен бастап қабылдадық.

- Биыл Орталық стадионда бірқатар ауқымды шаралар өткізілді. Одан бөлек, "Қайрат" сияқты белді команда стадионды жалға алу құнын төлейді, басқа да ұйымдар бар. Love story түсіретіндер қаншама, олардың қаржысы жалпы сіздерге түсе ме? Әлде басқа біреудің қалтасына кете ме?

- Нысанда барлық бос орындар жалға берілген. Көптеген спорттық клубтар орналасқан. Басқа да жеке мекемелер отыр. Олар белгіленген тариф бойынша жалға алу құнын төлейді. Бірақ ол ақша тікелей бізге емес, дирекцияға түседі. Жалға алушылармен келісетін де осы дирекция.  

- Жалға беруден түсіп отырған қаражат толық жөндеу жұмыстарын жасауға жетпесе де, кішігірім түскен сылақты сылау, сынған орындықтарды жөндеу, жетпеген жұмыс күшін жалдау, т.б. жұмыстарға жетпей ме?

- Стадион өзін қамтамасыз етіп отыр деуге келмейді. Нысанның шығыны 1 маусымда 80-100 миллион теңге көлемінде. Оған жұмысшылардың айлығы, газон, жарық, су, жылу сияқты қызметтер де толық кіреді. Әрине, дегенмен сіз атап өткен мәселелерді реттеуге болады. Менің тарапымнан талай қызметтік хат жазылды. Бірақ қаражат бөлінбеді, содан жұмыс атқарылмады.

- Жалпы осы тұста не айқыңыз келеді, сіздің шамыңызға тиген дүние қандай?

- Атымның жаман атты болып шыққаны көңілге тиеді. Мен тек өз шындығымды айтқым келді...

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Н. Ынтымақұлы