Алматы қалалық соты журналист Михаил Козачковтың адвокаттарының қаланың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының бұлтартпау шарасын санкциялау туралы шешіміне қатысты жеке шағымдарын қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен Михаил Козачковқа қатысты екі ай мерзімге 2023 жылдың 18 ақпанына дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылды. Адвокаттардың жеке шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылды. Шешім заңды күшіне енді", - деп хабарлайды Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес соталды тергеп-тексеруге қатысты басқа да мәліметтер тергеу құпиясы болғандықтан, жария етуге жатпайтыны атап өтілді.
Еске салайық, танымал журналист Михаил Козачков 18 желтоқсанда ұсталған болатын. Бұл ақпаратты Қаржылық мониторинг агенттігі растады. Ол Коспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына рейдерлік басып алулар жасауға көмектескен деген күдікке ілінген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!