Алматы соты блогер Шерниязовтың да жазаны жеңілдету туралы өтінішін қанағаттандырмады

Алматы соты блогер Шерниязовтың да жазаны жеңілдету туралы өтінішін қанағаттандырмады

Алматының Түрксіб аудандық соты блогер Мейірхан Шерниязовтың Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 73-бабында көзделген жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңілірек жазамен ауыстыру туралы өтінішін қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сотта Шерниязовты Алматының Алмалы аудандық сотының 2023 жылғы 23 маусымдағы үкімімен Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы (қаржы пирамидасын құру және басқару) бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырған еді.
 
Азаматтық талаптың жалпы сомасы - 814 120 806 теңге, мемлекеттік баж түріндегі сот шығындары - 8 045 602 теңге.

Сотталушы 15 000 теңге көлемінде мемлекеттік баж және жәбірленушілерге өтемақы қорына 58 340 теңге мәжбүрлі төлемді өтеген.

Үкім 2024 жылдың 1 ақпанында заңды күшіне енді. 

"Сот талқылауы барысында сотталғанның жазасын неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру туралы өтініш хатты қанағаттандырудың негізгі критерийлерінің бірі болып табылатын зиянның өтелмегені де анықталды. ҚК-нің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес, онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамға, ол қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, сот жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруы мүмкін. Барлық мән-жайларды ескере отырып, сот М.Шерниязовтың жеке ісінің материалдарын жан-жақты зерттеп, сот қаулысымен өтініш хатты қанағаттандырусыз қалдырды", - делінген соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда сотталған вайнер Мейіржан Төребаевтың жазасын жеңілдету туралы өтінішті қарау бойынша сот процесі өтті. Түрксіб аудандық сотының отырысында Алматыдағы колония өкілі 3 желтоқсанда сотталушы Мейіржан Төребаев жұмыс орнында тексеру кезінде 15 минутқа кешігіп келгені үшін ескерту алғанын хабарлады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан