Депутат Данияр Қасқарауов Алматыдағы кептеліс мәселесін көтеріп, премьер-министр Олжас Бектеновке үн қатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың айтуынша, Алматыда кейінгі жылдары халық саны күрт артқан.
"Көшелер сенбі-жексенбі күндері де кептелістен көз ашпайды. Ал қалаға кіріп-шығатын жолдармен жүру тіпті мүмкін емес. Бір ғана мысал келтірейін: Алматы мен Қаскелеңнің арасы - небәрі 20 шақырым. Сол жолды жүріп өту үшін екі сағат уақыт кетеді. Жұрттың жүйкесін тоздырған жол азабын азайту үшін Үлкен Алматы айналма жолы да (БАКАД) салынған болатын. Бірақ ол мәселені мүлде шешпеді", - деді ол.
Данияр Қасқарауовтың сөзінше, тәулігіне Алматыға сырттан 500 мың көлік кіреді.
"Алайда қала іргесіндегі жолдар мен оның көлік өткізу қарқыны мұндай нөпірге есептелмеген. Тіпті шаһардың шығаберістеріне салынған жолайрықтар мен көпірлер де көмектеспей жатыр. Өйткені қалаға жақын орналасқан Қарасай, Жамбыл, Талғар, Іле аудандарында бір миллионға жуық халық тұрады. Соның басым көпшілігі Алматыға күнделікті қатынап жұмыс істейді, оқиды немесе бала-шағасын мектепке тасиды. Салдарынан қалаға кіріп-шығар жолдар күні-түні иінтіресіп тұрады. Бұл мәселе бұған дейін де бірнеше мәрте айтылды, жазылды. Бірақ әлі күнге шешімін таппай келеді", - деді ол.
Депутат бірнеше ұсыныс жасады:
- Алматының орталық күре жолы саналатын Абай даңғылын Қаскелең қаласына дейін ұзарту;
- Үлкен Алматы айналма жолынан Ұзынағашқа дейін тағы бір қосымша жол салу;
- Сайын көшесін ұзартып, Алматы-Астана тасжолына дейін жеткізу.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова