"Қазгидромет" өзінің ресми сайтында Алматы мен тағы төрт қаланың тұрғындарына ескерту жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ескерту 19 шілдеге арналған ауа сапасының болжамына қатысты.
"19 шілдеде Алматы мен Балқаш қалаларында, ал түнде Өскемен, Семей және Риддер қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі", - делінген хабарламада.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай - атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттардың жиналуына әсер ететін қысқа мерзімді ауа райы құбылыстарының жиынтығы. Оған желсіз ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия жатады. Мұндай кезде қала ауасындағы ластаушы заттардың мөлшері артуы мүмкін.
Синоптиктер Алматыда күн райы құбылмалы болады, жауын-шашын күтілмейді деп болжап отыр. Солтүстік-шығыстан секундына 3-8 метр жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде 25-27 градус жылы, күндіз 40-42 градусқа дейін көтеріледі.
Балқашта күн райы құбылмалы, жауын-шашынсыз болады. Оңтүстік-батыстан және батыстан соғатын желдің жылдамдығы түнде секундына 3-6 метр, күндіз 10-11 метрге жетеді. Ауа температурасы түнде 22-24, күндіз 28-30 градус жылы болады.
Өскеменде күн райы құбылмалы болады. Күннің екінші жартысында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Оңтүстік-шығыстан соғатын желдің бағыты солтүстік-батысқа ауысады. Желдің жылдамдығы түнде секундына 2-7 метр, күндіз 5-10 метр болады, екпіні 15-20 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы түнде 17-19 градус жылы, күндіз 35-37 градусқа дейін көтеріледі.
Семейде де күн райы құбылмалы болады. Күннің екінші жартысында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік-батыстан және солтүстіктен соғатын желдің жылдамдығы түнде секундына 2-7 метр, күндіз 5-10 метр болады. Жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы түнде 18-20, күндіз 36-38 градус жылы болады.
Шығыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде және шығысында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ жауып, дауыл тұруы мүмкін.
Оңтүстік-шығыстан соғатын желдің бағыты солтүстік-батысқа ауысады. Желдің жылдамдығы секундына 9-14 метр, ал күндіз облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында 15-20 метр болады. Кей жерлерде екпіні секундына 23 метрге дейін жетеді.
Облыста ауа температурасы түнде 17-22 градус жылы болады. Солтүстік және шығыс аудандарда температура 12 градусқа дейін төмендейді. Күндіз облыстың басым бөлігінде 32-37 градус ыстық болады. Оңтүстікте ауа температурасы 41 градусқа дейін көтерілсе, солтүстік пен шығыста 28 градус шамасында болады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек