- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы полициясы төленбеген...
Алматы полициясы төленбеген 81 айыппұлы бар жүргізушіні ұстады
Алматы полициясы төленбеген 81 айыппұлы бар жүргізушіні ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Мәселе Грузияда тіркелген көлік туралы болып отыр. Автоматтандырылған бағдарламалық жүйелерден алынған мәліметтерге сәйкес, Toyota жүргізушісі қысқа мерзімде 81 рет жол қозғалысы ережесін бұзған. Айыппұлдың жалпы сомасы - 1 миллион 29 мың 615 теңге.
"Бұл бұзушылықтар қалалық бейнежүйелер арқылы тіркелген. Жүргізуші көбінесе жылдамдықты бұзған. Ол "Қорғау – Қауіпті жүргізуші" автоматтандырылған жүйесі арқылы анықталды және ұсталды. Бұрын хабарланғандай, Алматы полициясы жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланатын, көлік құралдарына арнайы дабыл беру құрылғыларын орнатқан, көлік құралдарын мас күйінде басқарған және төленбеген айыппұлдары бар, бір сөзбен айтқанда, қауіпті жүргізушілерді анықтап, жауапкершілікке тарту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіп жатыр", - деді Алматы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.
Спикердің айтуынша, жақында Алматы жолдарында шетелде тіркелген Honda автокөлігі ұсталды, оның жүргізушісі 800 мың теңгеден астам сомаға құқық бұзушылық жасаған. Екі көлік те арнайы айыппұл тұрағына орналастырылды.
Алматы полициясы жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырып, әкімшілік айыппұлдарды дер кезінде төлеу керектігін еске салды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан