Алматы полициясы күшейтілген режимге көшті

Үш мыңнан астам алматылық полицейлер қаладағы тәртіпті тәулік бойы күзетеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қалада біріктірілген полиция күштерінің сап түзеуі өтті.

Оны Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров жүргізді.

"Қазақстан полициясының басты міндеті - құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғаммен сенімді қарым-қатынас орнату екенін білесіздер. Полиция қызметкері - мемлекет қауіпсіздігінің кепілі және әрқашан азаматтардың тыныштығын күзетеді. Сіздердің әрқайсыңыз қаладағы тәртіп пен қылмыспен күреске өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Біз Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген әріптестерімізді мақтан тұтамыз", - деді Арыстанғани Заппаров.

Алматы қаласының бас полицейі қызметінде жоғары нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізген және өз ісінің кәсіби маманы деп саналған полиция қызметкерлерін құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен және төсбелгілермен марапаттады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз