- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы облысының тұрғыны...
Алматы облысының тұрғыны полиция қызметкерін көлікпен сүйреді
Алматы облысында жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізуші полицейді өз көлігімен сүйреп өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Байсейіт ауылында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, полиция капитаны Қанат Темірбаев пен Эльдар Махмудов жол ережесін бұзғаны үшін Toyota Ipsum автокөлігін тоқтатқан.
Хаттаманы толтыру кезінде Достық ауылының 34 жастағы жүргізушісі заңды талаптарға бағынбаған. Полицейлерді елемей, ол көлікке отырып, капитан Темірбаевтың саусақтарын есігімен қысып қалғанына қарамастан, орнынан жылдам қозғалып, офицерді шамамен 10-15 метр сүйреп өтті. Полиция қызметкері тасжолдың үстіне құлап, жарақат алды.
Полиция оқиғаның қалай болғаны түсірілген видеоны жариялады.
Құқықбұзушы тәртіп сақшыларынан жасырынуға тырысқан. Көп ұзамай ол ұсталып, Шелек ауылының полиция бөліміне жеткізілді.
"Билік өкіліне қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, ал жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сонымен қатар оған жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр", - делінген полиция таратқан хабарламада.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан