Алматы облысының тұрғыны өз үйінен есірткі зертханасын жасап алған

Алматы облысының тұрғыны өз үйінен есірткі зертханасын жасап алған
Фото: Polisia.kz

Талғар ауданында полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынның есірткі зертханасын анықтап, жойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полицейлер жүргізген операция барысында өз үйінде есірткі зертханасын ұйымдастырған Қызылқайрат ауылының 36 жастағы тұрғынын ұстады. Жүргізілген сараптама барысында тәркіленген өсімдіктің жалпы салмағы 1,2 келіден астам кептірілген марихуана екенін растады.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, есірткі құралдарымен заңсыз айналысқаны үшін оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Полиция ықтимал тарату арналары мен қылмыстық әрекетке қатысушыларды анықтауға бағытталған тергеуді жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірдің тәртіп сақшылары он екі есірткі зертханасының қызметін тоқтатты, олардың үшеуі құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру бойынша тікелей жұмыс істеген.

Еске салайық, 5 қыркүйекте Шымкент қаласында синтетикалық есірткі өндірісіне қатысты жасырын зертхана әшкере болған еді. Олар есірткі заттарының кезекті партиясын дайындау кезінде ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды.

Шамамен 4 келі "мефедрон" психотроптық заты, 50 литр прекурсор, шетел валютасында ақшалай қаражаттың ірі сомасы, сондай-ақ "синтетика" дайындауға арналған зертханалық жабдық алынды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина