Алматы облысында полиция жайылымнан 14 жылқыны ұрлады деген күдікке ілінген тұрғынды ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға 7 қараша күні 39 жастағы жергілікті тұрғын 14 жылқының жоғалып кеткенін мәлімдеген кезде белгілі болды.
"Келтірілген шығын - 12 миллион теңге. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылды", - деп атап өтті Жамбыл аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат Данияр.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлері ізін суытпай, күдіктінің жеке басын анықтады, ол жәбірленушінің ауылдасы болып шықты.
"Күдікті ұрланған жылқылардың бір бөлігін сатып үлгерген. Қазіргі уақытта жәбірленушіге жылқылардың қалғаны қайтарылды, ал ұрланған малды сатып алушыға қатысты тексеру жүргізіліп жатыр", - деп толықтырды Асхат Данияр.
Күдіктіге қатысты сот қамауда ұстау шарасын белгіледі. Полиция ер адамның осыған ұқсас басқа қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп, тергеу жалғасып жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!