Алматы облысының тұрғыны 32 жылдан бері Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр. Жағдайды аудандық көші-қон қызметі назарына алды, - деп хабарлайды Almaty.tv.
51 жастағы Фириде Гусеинова Арменияның Нювади ауылында дүниеге келіп, кейін отбасымен Әзербайжанның Баку қаласына депортацияланады. 1990 жылы Қазақстан азаматына тұрмысқа шығып, Береке ауылына көшіп келген. Осында өніп-өсіп, 4 баланы дүниеге әкелген. 2006 жылы жұбайы жол апатында көз жұмып, жесір қалады. Осы кезден бері әйел азаматтық алуға әрекеттене бастаған.
"Сол кезде миграция қызметі маған "Азаматтығы жоқ адамдарға арналған куәлік" шығарып беріп, енді Қазақстан азаматтығын 5 жылдан кейін аласыз деп қайтарды. 5 жылдан кейін учаскелік миграцияға бардым. Айтқан құжаттарын жинап беріп, жарты жыл күттім. Сөйтіп олар мені шақырып, қағаздарыңызда бір қате бар деп қабылдамай қойды. Одан кейін де қайта-қайта бардық", - деді Береке ауылының тұрғыны Фириде Гусеинова.
Телеарна мәліметінше, әйелдің туу туралы куәлігінде әкесінің аты-жөні "Ибраһимгызы" деп берілсе, ал неке қию туралы куәлікте "Ибрагим-гзы", яғни "гызы" сөзіндегі бір "ы" әрпі түсіп қалған.
Азаматтық туралы куәліктің де берілмей жатқаны болуы керек. Соның кесірінен әйел медициналық көмек ала алмай жүр.
"Аты жаман аурумен үшінші жыл болды күресіп келемін. Шамам жеткенше ақылы ем қабылдап келдім. Енді әрі қарай емделуге жағдайым жетпейді. Ешқандай емхана, аурухана қабылдамайды. Қайда барсам да азаматтығың жоқ дейді", - деді Береке ауылының тұрғыны Фириде Гусеинова.
Амалы таусылған ана құзырлы органдар мен мемлекеттік мекемелерден көмек сұрайды. Бар арманы төлқұжат алып, дертінен айығу. Ал жағдайдан бейхабармыз деген әкімдік өкілдері өз тарапынан тиісті шараларды атқаратын болды.
"Әкімшіліктің тарапынан қолдан келгенше әкіммен бірігіп көмек көрсетеміз. Егер нотариуске немесе заңгерге жүгінуге болатын болса, онда оған да үлесімізді қосып, жәрдем көрсетеміз", - деді Елтай ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Азамат Жиенбаев.
Әкімдіктегілердің айтуынша, бұл шаруа аудан не облыс деңгейінде бітпейді. Мәселені толық шешу үшін әйелдің туған жерінен қажетті құжаттарды алдыртуға тура келуі мүмкін. Жағдайға аудандық көші-қон қызметі де араласып, назарына алды.
"Азаматтың өтінішін біз өз назарымызға аламыз. Құжаттарының көбі бір-біріне сәйкес келмейді. Сондықтан қандай ағаттық кеткенін зерттейміз. Ол үшін тұрғынның өзімен алдағы сейсенбі күні кездесу белгіледік", - деді Алматы облысы Қарасай АПБ көші-қон қызметінің бөлім инспекторы Бауыржан Сопақов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!