Алматы облысының прокуратурасы талғарлық Шерзаттың өліміне қатысты мәлімдеме жасады

Алматы облысының прокуратурасы талғарлық Шерзаттың өліміне қатысты мәлімдеме жасады
Фото: КТК

Алматы облысының прокуратурасы талғарлық Шерзаттың өліміне қатысты мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Біз қоғамдық толқуларды түсінеміз және отбасы мен жақындарына көңіл айтамыз. Прокуратура органдары кісі өлтіру туралы бұл істі ерекше бақылауға алғанын ресми түрде хабарлаймыз. Аталған қылмысты жасады деген күдік бойынша сот 2 ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беріп, жеті күдікті адам ұсталды. Біз барлық жағдайларды анықтауға және кінәлілерді жауапкершілікке тартуға бағытталған объективті тергеуге кепілдік береміз.

Барлық азаматтарды осы қылмысқа қатысы бар адамдарды жауапкершіліктен алып тастауға ешқандай әрекет жасалмайтынына сендіреміз. Тергеуге көмектесетін кез келген ақпаратпен прокуратура немесе ішкі істер органдарына жүгінуге шақырамыз", – делінген жазбада.

Еске салайық, Алматы облысындағы Талғар қаласында 4 қазанға қараған түні 16 жастағы оқушыны бір топ жігіт өлтіріп кеткен болатын. 

Желідегі жазбаларға қарағанда, пышақ пен тапаншамен қаруланған бір топ жас 16 жастағы жасөспірім Шерзатқа, оның әкесі мен ағасына шабуыл жасаған.

Марқұм Шерзаттың отбасы кісі өлтіруге қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етіп отыр. Оның әкесі бүгін мәлімдеме жасады.

"Қаза тапқан, марқұм болған Шерзат Болаттың әкесі боламын. Бас прокурор Берік Ноғайұлына тікелей үндеу жасағым келеді. 3-і күні түні ит өліммен қайтыс болды. Сол кезден Талғар әкімі, прокуроры, ішкі істер бөлімінің бастығы ешқандай іс-әрекет жасамай отыр. Қылмысты бұрмалап отыр. Тіпті марқұм болған баламның аты-жөнін де білмейді. Хал-жағдайымызды сұрауға да шамалары жетпей отыр. Түннің жарымында тергеуге шақырып, өзімізді қорқытып, өзімізге арыз жаздырып отыр", – деді марқұмның әкесі.

Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

"Оқиғаға қатысушылардың бәрі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта жағдайды толыққанды, жан-жақты, объективті зерттеу үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында", – деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина