- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы облысының полицейлері...
Алматы облысының полицейлері тағы бір есірткі зертханасын анықтады
Саяжай алаптарының бірінің аумағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тексеру үшін Honda Odyssey автокөлігін тоқтатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Полицейлердің күдігін жүргізушіден шыққан ерекше иіс тудырған. Тінту барысында салонда бір килограмға жуық мефедрон психотроптық заты табылды", – деп атап өтті Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.
Полицейлер күдіктінің тұрғылықты жері бойынша іздеуді жалғастырған. Осыдан бір ай бұрын Жамбыл ауданының аумағындағы саяжай үйлерінің бірінде ер адам есірткі лабораториясын ұйымдастырып, 5 келіге жуық аталған затты өндіріп үлгергені белгілі болды.
Сондай-ақ тінту кезінде есірткі өндіруге қажетті реактивтер, ыдыстар мен заттар табылды.
Есірткі заттарын заңсыз дайындау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.
"Тергеу мен жедел қызметкерлердің айтуынша, есірткі мегаполис аумағында сатуға арналған. Осылайша, Алматы көшелеріне 360 миллион теңгеден астам сомаға психотроптық заттардың ең мықты аналогтарының 20 мыңға жуық дозасының таралуына жол жіберілмеді", - деп толықтырды Бауыржан Әленов.
Жыл басынан бері Алматы облысының полицейлері алты есірткі зертханасын жойды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан