Алматы облысының орта білім беру ошақтарында 26 мыңнан астам оқушыға орын тапшы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Жуырда Жамбыл ауданының тұрғындары жергілікті атқарушы билік өкілдерінен үш ауысымды мектептерді жою, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету және шалғай ауылдарға мәдениет ошағын салу мәселесін сұрап келген еді. Өйткені аудан бойынша 9 мектеп үш ауысымда бала оқытса, 3 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Ал Үлгілі ауылында тұрғындар көптен күткен мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр.
Ол алдағы қазан айында пайдалануға беріледі. Жамбыл ауданындағы орта білім ошақтарында 2500 оқушыға орын тапшы. Мұнда алдағы екі жылда 7 мектеп салынып, қолданысқа беріледі. Қазір соның үшеуінің құрылысы жүріп жатыр. Қарғалы мен Сарыбай би ауылында 900 және 600 орындық мектептің құрылысы басталса, аудан орталығы Ұзынағашта "Жайлы мектеп" жобасымен 1500 орындық білім ошағы салынып жатыр.
"Мектеп жалпы бастауыш және үлкен сыныптарға арналған блоктардан тұрады. Мектеп ішінде үлкен спортзалымыз бар және екі кіші спортзал бар. Көптеген қажетті кабинет бар, "спецкабинет" деп аталады. Одан бөлек, "Жайлы мектеп" шынымен де жайлы болып тұр. Бүкіл заманауи технологияға, талапқа сәйкес мектеп жабдықтандырылады", – дейді мердігер компания өкілі Наурызбай Сапарбеков.
"Аудан орталығынан кейінгі үлкен елді мекен – Қарғалы елді мекені. Бұл жерде де үш ауысымдық мәселе көтеріліп жүретін. Сол Қарғалы елді мекенінде "Жайлы мектеп" жобасы аясында 2 мектептің құрылысы жоспарланған. Біреуі басталып, осы жылдың аяғында тапсыру жоспарда бар", – дейді Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлы.
Алматы облысының орта білім беру ошақтарында 26 мыңнан астам оқушыға орын тапшы. Өңірдегі 39 мектеп үш ауысымда бала оқытады. Облыс бойынша жыл сайын 37 мыңға жуық оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Орын жетіспеушілігін жою мақсатында алдағы екі жылда 53 "Жайлы мектеп" салынады.
Соның 21-і жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Аудан орталығы Ұзынағашта бұған дейін көпқабатты тұрғын үйлер салынбаған. Қазір 8 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Ол қолданысқа берілсе, 480 отбасы баспаналы болады. Мұнда әлеуметтік осал топтағы азаматтармен қоса несиеге үй алғысы келетін тұрғындардың мәселесі де ескерілген.