Алматы облысының әкімдігі Шалқар ауылындағы шарап зауытына қатысты жағдайға түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы облысының экологтары ауыл тұрғындары шағымданған шарап зауытында тексеру жүргізді. Қарасай ауданы тұрғынының өтініші негізінде "Шалқар-17" ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілгені хабарланды.
"Тексеру барысында "Шалқар-17" ЖШС-нің шарап-арақ өнімдерін және алкогольсіз сусындарды дайындау зауыты үшін "Қоршаған ортаға шығарындылардың шекті жол берілетін нормативтері" жобасына мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаты бар екені анықталды.
"Шалқар-17" ЖШС аумағында бөтелкелерді жуу учаскесін қоспағанда, кәріз ағындары төгілетін әжіқұдық бар. Тексеру барысында бөтелкелерді жуғаннан кейін су кәріз құбыры арқылы жуу учаскесінен жинақтаушы тұндырғышқа жіберіледі, одан әрі жеке тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген жер учаскесінің аумағына (ескі сүзу алаңы) төгілетіні анықталды. Осы дерек бөтелкелер жуылған су жергілікті жер бедеріне төгілетінін айқындайды, осылайша ҚР Экологиялық кодексінің 216 және 120, 121-баптары 2-тармағының талаптары бұзылған", - деді әкімдік өкілдері.
Заң негізінде компанияға ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар, экология департаментінің зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімінің мамандары судың химиялық құрамын анықтау үшін сынамалар алғаны айтылды.
Анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін кәсіпорынға экологиялық заңнамаға сәйкес бұйрық шығарылғаны хабарланды.
"Қазіргі уақытта департамент Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жер бедеріне сарқынды суды ағызуды тоқтата тұру туралы талап арыз дайындап жатыр", - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіндегілер.
Еске салайық, Алматы облысында шарап зауыты Шалқар ауылының шетін өндірістік қалдықтарын құятын алаңға айналдырғаны хабарланған еді. Кәсіпорынның қалдығынан шыққан жағымсыз иіс бүтін бір ауылға тарап, бұқара есік-терезелерін қымтап отыруға мәжбүр болды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!