Алматы облысының әкімдігі Сібір жарасына қатысты мәлімдеме жасады

Алматы облысының әкімдігі Сібір жарасына қатысты мәлімдеме жасады
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Алматы облысының әкімдігі Сібір жарасына қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әкімдік мәліметінше, Ұйғыр ауданында Сібір жарасына күдікті жағдайлардың анықталуына байланысты ветеринарлық-санитарлық уақытша шектеу шаралары енгізілген.

"Карантин жарияланған жоқ. Инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында мал мен ауыл шаруашылық жануарларынан алынатын өнімдерді экспорттауға шектеу қойылды. Сібір жарасы адамнан адамға жұқпайтындықтан, азаматтардың жүріп-тұруына ешқандай шектеулер қойылған жоқ", - делінген хабарламада. 

Еске салайық, 3 қыркүйекте Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында ірі-қара малынан Сібір жарасы анықталған болатын. Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдері бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. 

Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдері бұл жағдайды растап, 4 адам Сібір жарасын жұқтыруы мүмкін екенін айтты. 

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы облысы бойынша аумақтық инспекциясының мәліметінше, мал ветеринарлық қызметке хабарламастан сойылған.

"Аурудың пайда болу себептерін анықтау үшін ветеринарлық инспекция СЭБД, ПД және облыс әкімдігімен бірлесіп науқастардың үйіндегі шикізат пен сою өнімдерінен, сондай-ақ мал сою орнынан топырақ сынамалары алынды", - делінген хабарламада.

Республикалық ветеринарлық зертхана биологиялық талдау микроскопиясы мен ПТР көмегімен жиналған материалдарға зерттеулер жүргізді. Бактериологиялық зерттеулердің нәтижесі әлі дайын болған жоқ.

"Биыл 12 тамызда бұл елді мекендегі мал Сібір жарасына қарсы екпе алған. Қазір елді мекенде жеке шаруашылықтардағы ірі-қара малды оқшаулау және карантинге жабу жұмыстары жүргізілді. Мамандар малды күнделікті тексеруден өткізеді, аурудың клиникалық белгілері анықталмаған. Барлық қажет ветеринарлық-санитарлық шара қазіргі алгоритмге сәйкес жүргізіліп жатыр", - делінген жауапта. 

Айта кетейік, Сібір жарасы - бұл жануарлар мен адамдарда тарайтын жұқпалы ауру. Сібір жарасының үш түрі бар: терілік, өкпелік және ішекті. 

Сібір жарасын адамға жұқтырушы ол - үй жануарлары (ірі-қара мал,  қой, ешкі, түйе, шошқа). Адамға аурудың жұғу жолы көбінесі жанасу арқылы (малды сою кезінде терісін түсіруде немесе мал терісін өңдеуде) және бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суын ішіп-жеуде және ластанған топырақты егістікте қолдануда жұғуы мүмкін. Ал ауру адамнан адамға жұқпайды.

Сібір жарасының белгілері

Аурудың инкубациялық кезеңінің орташа ұзақтығы 2-3 күнді құрайды, бірнеше сағаттан 8-14 тәулікке дейін ауытқуы мүмкін.

Ауру тез басталады: алғашқы сағатта - дене температурасы 38-40 градусқа дейін күрт жоғарылайды және әлсіздік пайда болады. Қан (сепсис) жұқтырудың кез келген әдісі нәтижесінде дамиды.

Симптомдары:

  • қатты бас ауруы;
  • жоғары дене қызуы;
  • жалпы әлсіздік;
  • ісіну мен қышудың тез өсуімен карбункул (тері зақымданғанда);
  • кеуде ауруы (өкпе түрі жағдайында);
  • тұншығу (өкпе түрінде);
  • қан қоспасы бар диарея (ішек түрі жағдайында);
  • іштің түйілу аурулары (ішек жағдайында);
  • қан қоспасы бар құсу (ішек түрі жағдайында).

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина