Алматы облысының әкімі Сұлтанғазиев премьер-министр Бектеновтен сөз естіп қалды

Алматы облысының әкімі Сұлтанғазиев премьер-министр Бектеновтен сөз естіп қалды
Фото: gov.kz

Бүгін Үкіметте энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту мәселесі талқыланды. Жөндеу жұмыстарына өтініш аздығынан Алматы облысы "қызыл" аймаққа енді. Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімі Марат Сұлтанғазиевтен мұның себебін сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірде барлығы 62,9 миллиард теңгеге 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде құны 4 миллиард теңге болатын төрт жобаны әкімдік қаржыландырады, қалғандары "АЖК" АҚ құзыретінде. Конкурс 17 шілдеде басталған.

Әкімнің сөзінше, жылумен жабдықтау бойынша құны 2 миллиард теңге болатын екі жоба іске асырылып жатыр. Мердігерлермен келісімшарттар жасалған, жылу желілерін реконструкциялауды қарашаның соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сумен жабдықтау және су бұру бойынша жалпы құны 2 миллиард теңге болатын тағы екі жоба прокуратураның ұсынысымен конкурс нәтижесінің күші жойылғаннан кейін қайта жарияланған. Жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Қайта жасалған конкурстың қорытындысы 25 тамызға дейін шығады, жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Марат Сұлтанғазиев Қаржы министрлігі осы екі жобаны басымдығы төмен жобалар тізіміне енгізгенін айтып, премьер-министрден оларды бұл тізімнен шығаруды сұрады.

Ал премьер-министр Олжас Бектенов әкімнің баяндамасынан оның мұндай көрсеткіштер үшін ешқандай жауапкершілік арқаламайтыны байқалатынын айтты.

"Сізді тыңдасақ, өзіңізден басқаның бәрі кінәлі. Жұмысты тездетіңіздер", - деді Олжас Бектенов.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget