Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдегі кәсіпті рейдерлік жолмен басып алу оқиғалары туралы сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Алматы облысында кәсіпті рейдерлік жолмен тартып алу туралы жиі естиміз. Бұрын бұл жағдайларды марқұм Болат Назарбаевпен тікелей байланыстырған еді. Алайда оның қайтыс болғанына қарамастан, "оның ісі жалғасып келеді" деуге болады. Жақында ғана Қаржы мониторингі агенттігінің Қоспаев ұйымдасқан қылмыстық тобы (ОПГ) туралы мәліметтері жарияланды. Оларды кәсіпкерлердің мүлкін рейдерлік жолмен тартып алу, зорлық-зомбылық және қорқыту әрекеттерімен байланыстырды. Сол Талғар ауданында Шерзаттың қазасынан кейін жергілікті тұрғындар бизнес ашу мүмкін емесін айтқан еді. Рейдерлік әрекеттердің салдарынан облыс қаншалық экономикалық шығынға ұшырайды?" - деп сұрады журналист әкімнен Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Марат Сұлтанғазиев бұл мәселе құқық қорғау органдарының құзыретінде екенін айтты.
"Қоспаевқа қатысты: бұл - 2022 жылға дейінгі кезеңдердегі эпизодтар. Талғар бойынша, мен бұған дейін де айттым, бұл - ең қарқынды дамып жатқан өңірлердің бірі. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес субъектілері де қарқынды өсіп, дамып келе жатыр. Кейінгіүш жылда салық түсімдері үш есеге артты. Бұл бизнесті жүргізуге жағдай барын білдіреді", - деді ол.
Облыс әкімі кез келген шағымдарға жедел әрекет етуге дайын екенін атап өтті.
"Егер оқырмандарыңыз немесе біреу жұмыс істеуге мүмкіндік бермей жатыр, рейдерлік әрекеттер, тіпті әкімшілік кедергілер жасалып жатқанын айтып, шағымданса, бұл туралы бірден хабарлауға болады. Біз бұл деректерді тексереміз", - деді әкім.
Журналистер Сұлтанғазиевтен әкімдікке рейдерлік әрекеттер бойынша шағымдар түсіп жатыр ма деп сұрады.
"Тікелей рейдерлікке қатысты, яғни біреудің мүлкін тартып алу секілді деректер менің тәжірибемде болған жоқ. Егер ондай жағдай болса, біз бірден әрекет етеміз", - деп жауап берді ол.
Айта кетейік, 9 желтоқсанда таңертең Шерзат Болаттың ағасы өлі табылды. Полиция мәліметінше, марқұм өзіне-өзі қол жұмсаған, сондай-ақ ол Шерзаттың ағасы Нұрқанат екені расталған.
Нұрқанаттың жерлеу рәсімінен соң Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ұсталды. Кейін ол 15 тәулікке қамалды. Ал кеше Шерзаттың әкесіне қарсы қылмыстық іс қозғалды.
Еске салайық, Талғарда 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар Алматы облысы полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар
ІІМ бұл істі тергеу жыл соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!