Алматы облысындағы тауда ресейлік альпинистер құтқарылды

Алматы облысындағы тауда алты турист Сәтбаев шыңының етегінде қиын жағдайға тап болды. Олардың нұсқаушысы аяғын сындырып алған, ал мұздық арқылы өтетін маршрут олар үшін қауіпті әрі тұйық жолға айналған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ТЖМ-ге сілтеме жасап.

Оқиға туралы хабар кешке 109 қызметінің пультіне түскен. Іздеуге құтқарушылар мен кинологтар тобы жіберілді. Алайда қараңғыда мұздық аса қауіпті болғандықтан, Ми-8 МТВ тікұшағын шақыру туралы шешім қабылданған.

Экипаж барлық туристі эвакуациялады. Олардың бесеуі – Ресейден келген альпинистер, бірі – қазақстандық. Екі адам жарақат алып, дәрігерлердің бақылауына алынды.

Сәтбаев шыңы (4 301 м) Іле Алатауында орналасқан. Бұл аудан туристер арасында танымал, бірақ күрделі әрі қауіпті саналады: маршруттар жартастар мен мұздықтар арқылы өтеді, сондықтан жақсы дайындықты қажет етеді.

ТЖМ өкілдері құтқарушылар мен авиацияның қиын жететін аймақтарда жұмыс істеуге тәулік бойы дайын екенін атап өтті.

Таудағы қауіпсіздік мәселесі Қырғызстандағы кейінгі оқиғалардан кейін тағы да өзекті болды. Жақында Жеңіс шыңында ресейлік альпинист Наталья Наговицына 7 мың метрден асқан биіктікте аяғын сындырып, сәтсіз эвакуация әрекеттерінен кейін із-түзсіз жоғалды деп танылған. Бұл жағдай альпинистер арасында қызу талқыға түсіп, биік таудағы маршруттардың қаншалықты қауіпті екенін тағы бір еске салды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!