Алматы облысындағы тауда германиялық туристер эвакуацияланды

Алматы облысындағы тауда германиялық туристер эвакуацияланды
Фото: Видео кадры

ТЖМ құтқарушылары Алматы облысының Қарасай ауданындағы Сәтбаев шыңынан (4317 метр) Германияның үш азаматын эвакуациялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шетелдік туристердің бірі тауға мініп жатқанда қолын жарақаттап алып, төменге өз бетінше түсе алмаған соң көмекке жүгінген.

Құтқару операциясына ҚР ТЖМ "Барыс" республикалық құтқару қызметі" РММ, Алматы әкімдігінің Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының мамандары мен "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағы тартылды.

Биік таулы жерге қонғаннан кейін құтқарушылар зардап шеккен ер адамға жаяу жетіп, алғашқы көмек көрсетті және оны әуе кемесі қона алатын жерге дейін тасымалдады.

Тікұшақтың көмегімен ер адам эвакуацияланып, №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді. Онда ол әрі қарай тексерілу және қажетті медициналық көмек алу үшін дәрігерлерге тапсырылды.

2026 жылдың басынан бері құтқару бөлімшелері таулы аймақтарға 243 рет шықты. Іздестіру-құтқару операциялары барысында 365 адамға көмек көрсетілді, оның ішінде 90-ы - кәмелетке толмағандар. 52 адам түрлі жарақат алған. Олардың арасында ашық немесе жабық сынықтар, соғып алу, сіңір созылуы, сондай-ақ, тау ауруы жиі кездеседі.

Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккендердің негізгі бөлігі - тауға өз бетінше, бағытын тіркемей, тиісті дайындықсыз шығатын және қарапайым қауіпсіздік ережелерін ескермейтін жастар мен жасөспірімдер.

Тауға мінер алдында бағытты және оның күрделілік деңгейін алдын ала зерделеп, ауа райы болжамын ескеріп, тиісті жабдықтарды, киімді, шатырды, ұйықтау қаптарын және қажетті азық-түлік пен су қорын дайындау қажет. Сондай-ақ, туыстарыңыз бен достарыңызға жүретін жолыңыз бен қайтып оралатын уақытыңыз туралы алдын ала хабарлау маңызды.

Көпкүндік жорықтарды жоспарлау кезінде 112 нөмірі бойынша ТЖД немесе құтқару қызметіне, сондай-ақ ҚР ТЖМ "Барыс" республикалық құтқару қызметіне міндетті түрде хабарлау ұсынылады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget