Алматы облысында оқушылардың арасындағы жаппай төбелеске қатысқандардың бәрі ұсталды, оқиға салдарынан 17 жасар жасөспірім қаза тапқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Полицияның мәліметінше, 5 тамызда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек Би ауылындағы үйлердің бірінің ауласында зорлықпен өлім белгілері бар 17 жастағы жасөспірімнің мәйіті табылды.
"Жасөспірімның мылтық оғынан жарақат алып, қаза болғаны анықталды. Ол мылтық ұсталғандардың бірінің әкесіне тиесілі. Қазіргі уақытта 9 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 9-тармағының 2-бөлігі,14-тармағы бойынша аудандық полицияда тіркелді және сотқа дейінгі тергеу басталды", - деді Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.
Еске салайық, Алматы облысындағы Бәйдібек би ауылында сағат 00:00 шамасында жастар арасында төбелес болып, оқушылардың бірі жарақат алып, қайтыс болды.
Облыстық полиция департаменті бастығының айтуынша, қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалып, барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
"Басқа қатысушыларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша қылмыстық іс қозғалды" - деді Бауыржан Әленов.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!