Желіде Алматы облысындағы Есік өзені жеке меншікке өтіп кеткені туралы хабар тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видео Egovpress телеграм арнасында пайда болды.
"Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев сұмдық нәрсе жасаған секілді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен адамдар жеке меншікке өтіп кеткен Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік өзенін мемлекетке қайтаруды талап етіп жатыр", - делінген хабарламада.
Облыс әкімі Сұлтанғазиевтің баспасөз хатшысы Жанна Арынбекованың сөзінше, Есік көліндегі бөгет 2024 жылдың 9 қаңтарында коммуналдық меншікке қайтарылған.
"2019 жылдың 8 сәуіріндегі қаулы негізінде 141,643 га жер учаскесі бар Есік көліндегі бөгетті кейіннен сатып алу құқығысыз 49 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілген.
Шарт "Қазэлектроэнергия" ЖШС-мен 1 миллиард 052 миллион теңге сомасына жасалған. 2023 жылы Алматы облысының қаржы басқармасы міндеттемелердің орындалуына бақылау жүргізу барысында "Қазэлектроэнергия" ЖШС шарттық міндеттемелерінің тиісінше орындалмауын, оның ішінде қаржылық қызмет, атқарылған жұмыс туралы есептерді уақтылы ұсынбауы, көлді тазарту бойынша жоспарланған жөндеу жұмыстары мен жұмыстарды орындамауы, сондай-ақ уәде етілген жұмыс орындарын құрмағаны анықталды",- дейді Жанна Арынбекова.
Ведомствоаралық комиссия құрылып, отырыс өткізілгеннен кейін нысанды Алматы облысының коммуналдық меншігіне қайтару туралы шешім қабылданған.
"Қаржы басқармасы Шартты бұзып, нысанды қайтару мақсатында сотқа талап арыз берген және Алматы облысының МАЭС 2024 жылы 9 қаңтардағы шешімі негізінде шарт бұзылып, Есік көліндегі бөгет мемлекетке қайтарылды", - дейді Арынбекова.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!