- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы облысындағы әйел...
Алматы облысындағы әйел мен екі баласының өлімі: көршілері күдікті туралы айтты
Алматы облысында жанып кеткен үйдің ішінен әйел мен екі бала өлі табылды. Оқиға орнына полиция жеткенде оттың қасақана жасалғаны бірден анықталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өйткені бөлменің бәрінде қан іздері жатқан көрінеді. Қаскөй де алыстан келмепті. Облыстық полиция департаменті марқұм келіншекпен бірге тұрған ер адамды іздеп жатыр.
Ащыбұлақ ауылына қарасты Береке саяжайындағы мына үйдің отқа оранғаны туралы төтеншеліктерге хабар кеше түнгі он жарымда келіп түскен.
Жалын жалпы жүз шаршы метрден астам аумақты шарпыған. Араға сағат салып, отты ауыздықтағанда құтқарушылар үйдің ішінен әйел мен екі баланың мәйітін табады. Марқұмдардың қазасына өрт себеп емес екені бірден байқалған. Өйткені үйдің іші толған қан ізі.
Қанды қылмысқа барған күдікті бірге тұратын келіншек пен оның кәмелетке толмаған екі баласын өлтіріп, артынан өрт қойған. Төтеншеліктердің болжамынша, от жатын бөлмеде басталып, артынша шатырға шарпыған. Үшеуін де қаскөй асқан айуандықпен әр жерінен пышақтаған көрінеді.
Полицейлер мәйітті алып кеткенмен, еденде қан ізі әлі жатыр. Марқұмның көршілері олардың жазда көшіп келгенін айтады. Өз үйі емес. Қожайыны уақытша басқа жаққа кетіп, баспананы қарасын деп тастаған екен. Күдікті құрылыс жұмысымен айналысқандықтан, бір шеті үйдің жөндеу жұмысын жүргізеді деген келісіммен тегін тұрып келген.
"Құрылыста істеген ғой деймін. Күйеуі ме, көңілдесі ме, кім білсін. Сыртынан көремін де, онан кейін көрген емеспін. Шешелері жүретін, екі бала осы жерде ойнап жүретін", - көршісі Мұхтар Шалбаев.
Күдіктіге іздеу жарияланды. Үсенов Айдын Махмұтұлы, жасы 41-де. Алматының тұрғыны.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан