Алматы облысындағы атыс: қорықшылар қандай жағдайда қару қолдана алады?

Фото: Видео кадры

Жуырда Алматы облысында тосын оқиға болды. Қарулы қорықшы ер адамның аяғына оқ атты. Оқиғаның видеосы желіде тарады. Пікір жазғандардың ойы екіге бөлінді: бірі қорықшының өміріне ешқандай қауіп төнбегенін айтып, қару қолдануға құқығы болмағанын алға тартса, енді бірі ер адам жанжал шығарғанын айтып, қорықшыны ақтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қорықшылар мен инспекторлар қызметтік қаруды мына жағдайларда қолдана алады:

  • заңда белгіленген міндеттерін атқару кезінде өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін қарулы шабуылды тойтару кезінде;
  • қорғалатын аумақта қорықшылар мен инспекторлардың заңды талаптарына бағынбаған, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген жүргізушілерді көліктеріне зақым келтіру арқылы тоқтату мақсатында;
  • жабайы аңдардың шабуылынан қорғану, дабыл белгісін беру немесе көмек шақыру үшін.

Сонымен қатар, қорықшы немесе инспектор қызметтік қаруды қолданар алдында дауыстап ескертуі немесе жоғары қарай ескерту оғын атуға тиіс.

Арнайы құралдар мен қызметтік қаруды әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және айқын мүгедектік белгілері бар адамдарға қолдануға тыйым салынады. 

Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Нұрлан Жаңабаевтың пікірінше, Алматы облысында болған жағдай құқықтық тұрғыда көптеген сұрақ тудырады. Қорықшының әрекетін оның өмірі мен денсаулығына қауіп бар-жоғына, сондай-ақ, қару қолдану кезінде заңда көзделген рәсімдер сақталуына қарай талдау қажет.

"Әрбір жағдайда құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану белгілерін анықтау үшін деректерді бағалайды", – деді заңгер.

Нұрлан Жаңабаев – Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты, 20 жылдан аса тәжірибесі бар заңгер. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жоғары заңгерлік білім алған.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында қорықшы ер адамның аяғына оқ атқаны хабарланды, оқиға видеоға түсіп қалды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget