- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы облысында үйі...
Алматы облысында үйі өртенген үш отбасы тентіреп жүр
Алматы облысында үйсіз қалған үш отбасы жергілікті биліктің әрекетсіздігін айтып, шу шығарды. Осыдан бір ай бұрын үш бірдей баспана күлге айналғанда, Қаскелең қаласының шенділері тұрғындарды қонақүйге орналастырған. Енді жалдау мерзімі төрт күннен кейін аяқталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, өрттің себебі сол күйі анықталмаған. Жергілікті әкімдік, көмек те сол нақты қорытындыға қарай жасалады деп отыр.
Өрттің кесірінен қазір бес баласымен бірге тентіреп жүрген ананың көз жасы көлдей. Осыдан бір ай бұрын қызыл жалын қылаң бергенде Галина Алексеева үйінде болыпты. Лапылдап жанып жатқан баспанасынан тек бала-шағасы мен құжаттарын ғана алып үлгерген. Қалған дүниенің түгі қалмай жанып кетіпті. Қазір несиеге алған техникаларын көрсетіп шыр-пыр болып жүр.
"Біз бұл үйді жалға алып тұрғанбыз. Жер алып, кейін үй соғу үшін 10 жыл бойы ақша жинадық. 15 миллионға жуық теңгені буып-түйіп, қысқы киім арасында тығып ұстағанмын. Өрт басталғанда ақша түпкі бөлмеде болғасын, оған жете алмадым. Бәрі жанып кетті. Қазір бес баламмен қайда барарымды білмей жүрмін", - дейді Галина Алексеева.
Өрт құрсауында кеткен қаланың қақ ортасында, жапсарлас орналасқан үш үй және төрт әкімшілік ғимарат. Өрт түскі сағат 3-те басталып, 12 сағат тоқтамай жанған дейді. Қарасаңыз, кәдімгідей күл-талқаны шыққан. Мұнда жүру тіптен мүмкін емес. Арада бір ай өтсе де, ыстың иісі әлсін-әлсін шығады. Осы уақытқа дейін сол үш үйде тұрған үш бірдей отбасы енді далада қалдық деп отыр.
Өрттен кейін әкімдік үш отбасының екеуін бір айға қонақүйге орналастырған. Енді төрт күннен кейін оның уақыты бітеді. Қонақүй әкімшілігі қазірден-ақ мұны ескертіп жатыр.
"Дым істеліп жатқан жоқ. Көмек сұрап барсақ, үй тауып береміз дейді. Бірақ оны өзіміз сатып алуымыз керек. Өзіміз сатып алатындай, баспанамызды өзіміз өртеген жоқпыз ғой. Өрттің кесірінен барлық дүние-мүлкіміз жоқ болды. Үйді немізге сатып аламыз, пәтерді қандай ақшаға жалдаймыз сонда? Әкімдіктің тарапынан көмек көрмедік. Ешқандай өтемақы да төленбеді", - дейді Валерия Седакова.
Үш отбасы да үйінің қасақана өртелгеніне сенімді. Бұл баспаналар қаланың қақ ортасында әрі кәсіпке ыңғайлы жерде орналасқан. Өрттің себебі де осы деп күдіктенеді тұрғындар. Қазір 400-ден астам шаршы метрді шарпыған өрттің нақты неден шыққаны анықталып жатыр. Қаланың әкімі сараптаманың қортындысына сәйкес, келесі қадамды жасаймыз деп отыр. Ал оған дейін бұл отбасылар қонақүйде тұра береді деп сендірді.
- Табиғи факторлардан пайда болса не болады?
- Нәтижесі бойынша қарастырамыз, көмектесеміз.
- Білмейсіздер ме, не істейтіндеріңізді?
- Жоқ, нәтиже болғаннан кейін шешім қабылдаймыз. Қазірдің өзінде ол кісілерге үйден шық деп жатқан жоқпыз. Қажет болса үш ай тұрады", - дейді Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев.
Сараптаманың қорытындысы бірден шыға қоймайтыны бәріне мәлім. Ал бұл отбасылардың әлі қонақүйде қанша тұратыны белгісіз. Тұрғындар өртенген үйінің орнына басқа баспана немесе өтемақыны тездетіп төлеуін талап етіп отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина