Алматы облысында үш күннен бері алапат өрт сөндіріліп жатыр

Алматы облысы Бәйтерек ауылының тұрғындары үшінші тәулік бойы сайдағы өртпен арпалысып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бәйтерек ауылының тұрғындарының айтуынша, сайдағы алапат өрт сенбіде, 27 маусымда сағат 11:00 шамасында басталған. Олардың мәліметінше, от құрғақ шөп пен ағаштардан тез тараған.

Жергілікті тұрғын Татьянаның сөзінше, үйлер сайдың дәл іргесінде орналасқан, ал тұрғындар жалынды үйлерге жақындатпас үшін суды шелектеп тасып, тіпті бақшадағы бассейндерді босатып жатыр.

"Біраз уақыттан кейін сай қайтадан тұтана бастайды, сондықтан бізге өз күшімізбен күресуге тура келіп тұр. Сай түгелдей дерлік жанып кетті", - деді ауыл тұрғыны.

Әйелдің айтуынша, Бәйтеректе мұндай алапат өрт әр жаз сайын болып тұрады. Бұрын бұл саймен өзен аққан, бірақ баяғыда тартылып қалған.

Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт аумағы шамамен 1,5 гектар болғанын хабарлады. Құтқарушылардың мәліметінше, Садовая көшесіндегі ашық аумақта өрт шыққаны туралы дабыл 101 пультіне 28 маусымда түскен.

"Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД күштері мен құралдары, сондай-ақ, Бәйтерек ауылдық округі өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жіберілді. Жеткен бойда ашық аумақта құрғақ шөп жанып жатқаны анықталды. Алдын ала болжам бойынша өрт аумағы - шамамен 1,5 гектар. Өрт сөндіру бөлімшелерінің жедел әрі үйлесімді іс-қимылының арқасында тілсіз жау ауыздықталды", - деді ТЖД өкілі.

Құтқарушылар "өрт тұрғын үйлер мен басқа да нысандарға тарауына жол берілмегенін", зардап шеккендер жоқ екенін айтты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!