Алматы облысында із-түзсіз жоғалып кеткен үш жасар Айя-София табылмай жатыр. Полиция қазірден "Адам өлтіру" бабымен іс қозғап, күдіктіні қамауға алған, бірақ ұсталған адамға қатысты ақпарат жария етілмей отыр. Ауыл тұрғындары "күдікті бүлдіршіннің туған анасы болуы мүмкін" деген болжам жасады. Енді марқұмның денесін әскерилер мен полицейлер, еріктілер жабылып іздеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға Еңбекшіқазақ ауданы Күш ауылында болған. 17 наурызда түс шамасында үйінен шығып кеткен үш жастағы бүлдіршін сол күйі үйіне оралмаған. Оқиға осы ауылға жақын шаруашылықта болыпты. Қыздың анасы сол жерде жұмыс істеп, екеуі сонда тұрған.
Кішкентай Айя-София анасымен бірге бір үйге қонаққа келіп жүріпті. Мұнда шешесінің құрбысы тұрады. Қазір пәтерде ешкім жоқ. Ауыл тұрғындары олардың бұл жақтан көшіп кеткенінін айтады.
Шаруашылық жекенің қолында болғандықтан, онда бөгде адамға кіруге рұқсат жоқ. Әрі полиция онда тергеудің жүріп жатқанын мәлімдеді. Ауыл ішінде "бүлдіршінді өзінің туған анасы сатып жіберді немесе өлтіру мүмкін" деген болжам айтылып жүр.
"Кішкентай қыз болатын, мамасы дұрыс адам болатын. Сабырлы. Қалада бір жерде жұмыс істейтін. "Өлтіріп суға лақтырып жіберді" деген сөз шықты. Одан "өзінің туған шешесі өлтіріп, көміп тастады" деп, одан кейін бір жерге апарып тастады деп жатыр", - дейді Қымбат Садықова.
Кішкентай Айя-София анасымен жалғыз тұрған. Жергілікті жұрт әйелдің "көңілдесі" ара-тұра келіп жүргенін айтып отыр.
"Түрлі болжам бар. Анасы 10 минутқа көз ілгенде, қызы үйден шығып кеткен дейді. Күйеуі жоқ болатын, бірақ ер адамы бар деп естігенмін. Білмеймін, бәлкім расымен қызын өзі ашумен өлтіріп, соны жасырып жүр ме, кім білсін", - дейді Светлана Казачок.
Полиция көп ұзамай, "Адам өлтіру" бабымен қылмыстық іс қозғаған. Күдікті қамауда отыр, бірақ ұсталған адамның жеке басына қатысты еш мәлімет бермейді. Жергілікті жұрт ол қыздың туған анасы деген пікірде. Қазір полиция әйелмен бірге шаруашылықта тергеп-тексеру жүргізіп жатқан көрінеді.
"Кәмелетке толмаған Айя-София Молгачеваның жоғалу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тескерудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-тармағы "Жас баланы өлтіру" бойынша тіркелді. Іс бойынша күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Қалған мәлімет Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді", - дейді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы.
Дегенмен бүлдіршіннің денесі әлі табылмаған. Еріктілер мен әскерилер, тәртіп сақшылары оны жатпай-тұрмай бір жарым ай бойы іздеп жатқан көрінеді. Күдікті де оны қайда жасырғанын айтпай отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!