Алматы облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 6 әйел қаза тапқан

Алматы облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 6 әйел қаза тапқан
Фото: polisia.kz

Алматы облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері азаймай тұр. Былтыр өңірде әйелді ұрып-соғу дерегі бойынша 56 қылмыстық іс қозғалған. Өңірде отбасындағы жанжал салдарынан 6 әйел көз жұмған. Қайғылы жағдайлар жыл сайын қайталануына ер азаматтардың жұмыссыздығы мен мен ішімдікке салынуы басты себеп екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Райымбек ауданының тұрғыны Майра - көпбалалы ана. Ол отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан кейін балаларымен Қонаев қаласындағы әлеуметтік көмек көрсету орталығына келуге мәжбүр болған. 

"Ұрысып, балағаттап, ұрады. Балалар өсіп келеді. Солардың әкесі ғой деп шыдап келдім. Бірақ одан әріге төзе алмадым. Сондықтан осы орталыққа келдік", - дейді Майра.

Қазір орталықта тұрмыста теперіш көрген 13 ана уақытша тұрып жатыр. Мұнда әлеуметтік, психологиялық және медициналық көмек көрсетіледі. Бір жылда мекеме көмегіне 54 әйел жүгінген. Орталықта 6 айға дейін тұруға рұқсат етіледі.

"Тағдыр тауқыметіне ұшыраған жандар келеді. Балаларына обал. Екі әйел бала-шағасымен орталықта екі айдан аса уақыт жатты да, отбасына оралды. Сонда күйеулерімен татуласып, жағдайлары түзеліп кетер деп ойладық. Бірақ 5 айдан кейін бізге қайтып келді. Олар үйлеріне барған соң жергілікті полицияның бақылауында болады. Ішімдікке салынған күйеуін жөнге келтіріп, заңға көндіретін де солар болуға тиіс. Бірақ ол жағы жұрыс жұмыс істемей жатқанын байқаймыз. Яғни, тәртіп болмаған жерде екінші тарап өзінің жауапкершілішгін мойындамаған болып тұр ғой. Солай деп есептейміз. Жолдасы түзелмеген. Сол баяғы қалпы жұмыссыз. Кімге күші келеді? Әйелге ғана күші келеді", - дейді Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Раушан Алпысбаева

Жыл басынан бері Қонаев қаласында әйелдерге күш көрсету бойынша 27 әкімшлік іс қозғалған. Тергеуші Мақпал Сейсен 200-ге жуық істі қараған. Соның 40-қа жуығы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты.

"Менің ойымша, қазір адамдардың материалдық жағдайы қиындап кетті. Жұмыссыздық пен қаржылық ахуалдың нашарлауы адамдардың мінезіне әсер етпей қоймайды. Сол себепті үйде ұрыс-керіс болады. Жанжал кезінде ашулы еркек әйелін еркелетпесі анық. Керісінше қол көтереді. Ол қылмысқа жатады. Сонымен қатар, бәс тігіп, құмар ойын ойнайтын еркектер болады. Солар осындай қылмыстардың үлкеюіне себепкер болып жатыр", - дейді тергеуші.

Былтыр облыста тұрмыстық жанжал бойынша полиция қызметіне 210 шұғыл хабарлама түскен. 20-дан аса адам қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылды. 

Саламат Сабыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz