Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында ірі-қара малынан Сібір жарасы анықталды. Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдері бұл жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналист Диас Нұрақын Facebook-парақшасында Шонжыда ірі-қарадан Сібір жарасы анықталып, адамдарға жұғып жатқанын мәлімдеген еді.
"Ауру малды сойып, қолын жара басқан екі ауыл тұрғыны ауруханаға түскен. Жағдайлары бірқалыпты. Қазір ауру ошағын анықтау үшін ветеринарлар сиырлардан сынама алып, зертханаға жолдапты. Нәтижесі бүгін-ертең белгілі болады. Егер Сібір жарасы екені анықталса, Ұйғыр ауданындағы Үлкен Ақсу ауылы карантинге жабылады. Қауіпті індеттің таралуына кім кінәлі? Мал дәрігерлері төрт түлікке дер кезінде вакцина салды ма? Бұл сұрақтардың жауабын жақында білеміз", - деп жазған ол.
Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдері бұл жағдайды растап, 4 адам Сібір жарасын жұқтыруы мүмкін екенін айтты.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы облысы бойынша аумақтық инспекциясының мәліметінше, мал ветеринарлық қызметке хабарламастан сойылған.
"Аурудың пайда болу себептерін анықтау үшін ветеринарлық инспекция СЭБД, ПД және облыс әкімдігімен бірлесіп науқастардың үйіндегі шикізат пен сою өнімдерінен, сондай-ақ мал сою орнынан топырақ сынамалары алынды", - делінген хабарламада.
Республикалық ветеринарлық зертхана биологиялық талдау микроскопиясы мен ПТР көмегімен жиналған материалдарға зерттеулер жүргізді. Бактериологиялық зерттеулердің нәтижесі әлі дайын болған жоқ.
"Биыл 12 тамызда бұл елді мекендегі мал Сібір жарасына қарсы екпе алған. Қазір елді мекенде жеке шаруашылықтардағы ірі-қара малды оқшаулау және карантинге жабу жұмыстары жүргізілді. Мамандар малды күнделікті тексеруден өткізеді, аурудың клиникалық белгілері анықталмаған. Барлық қажет ветеринарлық-санитарлық шара қазіргі алгоритмге сәйкес жүргізіліп жатыр", - делінген жауапта.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!