Алматы облысы Екпінді ауылында жеке үйде жарылыс болды. Салдарынан үйінді астында әйел мен оның үш ұлы қалып қойған. Барлығы ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді. Ал газға жауапты компания жер астындағы құбырдан газ кеткенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Үй иесі Самат Жайылханов жарылыс кезінде аулада болып, оқиғаны өз көзімен көрген. Оның айтуынша, бәрі таңғы сағат бес шамасында, ұлы шәйнекке су қайнатқысы келген кезде болған. Жасөспірім сіріңке жағып, газ қосқан кезде қатты жарылыс болған.
"Бәрін өз көзіммен көрдім. Шатыр көкке ұшып, қабырғалар жан-жаққа шашылды. Кейін өрт басталды. Әйелімнің дауысын естіп, көмекке ұмтылдым. Ол үйінді астында жатыр екен. Қолынан тартып шығарып алдым. Содан соң көршілер келіп, балаларды алып шығуға көмектесті. Екінші ұлым көбірек зардап шекті: оның бетін, қолы мен аяғын күйік шалған. Кенжемнің де беті күйіп, мұрны сынған", - деді ол.
Зардап шеккендердің барлығы шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған. Олардың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.
"Жарылыс бүкіл ауылды дүр сілкіндірді. Тіпті көршілердің терезелері қирап қалды. Бірнеше күннен бері ұйқыдан айырылдық. Біздің де үйіміз осылай ауаға ұша ма деп қорқамыз. Газ құбырлары үйімізге тым жақын тартылғаны үрей туғызады", - деді ауыл тұрғыны Ерлан Айжанов.
Қайғылы оқиғадан кейін "Алматыгазсервис-Холдинг" компаниясы жер астындағы құбырдан газ кеткенін хабарлаған. Бірақ бұл жағдай жойқын жарылысқа түрткі болды ма, жоқ па, ол жағы әзірге беймәлім.
Жарылыс себептері барлық сараптама жүргізілгеннен кейін белгілі болады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!