Алматы облысында төтенше жағдай: еріген қар суы салдарынан тасжол опырылды

Алматы облысында төтенше жағдай: еріген қар суы салдарынан тасжол опырылды
Фото: gov.kz

Алматы облысында еріген қар суы салдарынан тасжол опырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының мәліметінше, оқиға 3 сәуірде сағат 11:30 шамасында республикалық маңызы бар Кеген - Нарынқол тасжолының 20-шақырымында болған. Қолданыстағы су өткізу құбыры зақымданып, жолды су шайып кеткен.

"Бұл учаске бұған дейін су тасқыны қаупі бар аумақтар қатарына жатпаған. Қазір жолдың осы бөлігі орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты мердігер ұйымның қарауында. Қозғалыс уақытша шектеліп, көлік қатынасы қиыршықтасты жол арқылы ұйымдастырылды. Жағдай тиісті қызметтердің тұрақты бақылауында. Шамамен 20 арнайы техника жұмылдырылды. Жақын арада қиыршықтас төселген уақытша айналма жол салу жоспарланып отыр", - деп жазылған хабарламада.

"ҚазАвтоЖол"

Айта кетейік, бұл учаскеде тәулігіне 500 көлік жүреді. Жол 1960-1970 жылдары салынған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget