Алматы облысы Жамбыл ауданындағы су қоймасында төрт жасөспірім мұздың астына түсіп кетті. Үшеуі құтқарылды, біреуі суға батып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ТЖМ-нің баспасөз қызметі мәлімдеді.
"Бүгін Алматы облысының ТЖД 112 пультіне Алматы облысы Жамбыл ауданы Үмбетәлі ауылындағы су қоймасында жасөспірімнің батып кеткені туралы қоңырау түсті. Оқиға орнына дереу ТЖМ және ТЖМ РОСО құтқарушылары жетті", - делінген хабарламада.
Төрт жасөспірім ойын ойнап жүріп, жұқа мұздың үстіне шығып, суға құлаған. Куәгер, балықшы, ойланбастан көмекке ұмтылып, үшеуін құтқарып қалған. Төртіншісін құтқару мүмкін болмады.
Марқұмның денесін судан ТЖМ РОСО сүңгуірлері шығарып, әрі қарай тиіс шаралар қабылдау үшін полиция қызметкерлеріне тапсырды.
ТЖМ балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға және жұқа мұздың үстіне шықпауға шақырды. Ведомство су нысандарының маңында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет екенін де еске салды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz