Алматы облысы Боралдай кентінде тамақтан уланғандар саны артқан. Медициналық көмекке 65 адам жүгінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша зардап шеккендердің барлығы бір қоғамдық тамақтану орнынан ас ішкен. Оның жұмысы уақытша тоқтатылып, мамандар оқиғаның себебін анықтап жатыр.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, бір тәулікте 65 адам дәрігерлерге қаралған. Оның 36-сы ауруханаға жатқызылған. Олар бірнеше медициналық мекемеде ем алып жатыр. Тағы 29 адамға амбулаторлық ем тағайындалған.
"Олар қазір Іле және Қарасай аудандарының стационарларында жатыр. Тағы науқастар көмекке жүгінсе, оларды аудандық ауруханаға, Есік қаласының орталық аудандық ауруханасына жатқызамыз. Барлық науқастың жағдайы орташа ауыр. Бұл инфекция бойынша ауыр немесе өте ауыр жағдайда жатқан науқастар жоқ", - деді облыстық ДСБ басшысының орынбасары Лейла Серікбаева.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында 19 адам уланып қалғаны хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!