- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы облысында суды...
Алматы облысында суды негізсіз қымбаттатқандарға тексеру жүргізіледі
Алматы облысының фермерлері егін алқаптарын суғаруға артық ақша жұмсап келген. Еңбекшіқазақ ауданының шаруалары суармалы су тарифтерінің жылда көтерілуіне арыз-шағым айтатын. Шаруалардың шағымы ескеріліп, мәселе шешімін тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Жеке шаруа Арслан Манапов жылда 3 гектар жерге жоңышқа егеді. Оған су молынан керек. Бұған дейін суды ауылшаруашылық кооперативінен алған. Ол ақшаны артық төлеген. Мәселен, ауыл іргесіндегі Қорам каналы тазаланбайтын. Алқапқа жеткенше судың жартысы жерге сіңіп, ысырап болатын. Биыл фермер кооперативке тәуелді болмайды. Енді суды еш кедергісіз Үлкен Алматы каналы мекемесінен алады.
"3-4 шақырым ішінде біраз су шығыны болады. Сол шығынды ешкім көтермейтін. Ол шығынды шаруа қожалықтары өздері төлейтін. Енді қазір бізге су өлшегіштерін қойып беріп жатыр. Алқаптың басынан сол алған судың көлемін төлейміз", - дейді жеке шаруа Арслан Манапов.
2015 жылдан бастап өңірде 24 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеген. Олар суды Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналынан 1 текше метр үшін 78 тиыннан алып, шаруаларға бір гектар жер үшін 20 000 - 28 000 теңгеден сатқан. Осылайша, монополист ролін атқарған. Кейбір шаруа қожалықтарының 60 гектар жерді суарғаны үшін 1 миллион теңгеден аса ақша төлегені белгілі болды. Қазір кооперативтердің жұмысы тоқтатылды.
"Үлкен Алматы каналымен қазір шаруа қожалықтар тікелей келісімшартқа отырды. Судың бағасы арзандады. Қазір отыз мыңдай шаруа қожалығы тікелей келісімшартқа отырады. Ол шаруа қожалықтарына қолдау деп ойлаймын", - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облыстық департаментінің басшысы Серік Орымбетов.
Антикор ақпараты бойынша, су бағасын негізсіз көтеріп, қымбатқа сатқан кооперативтердің іс-әрекетін облыстық прокуратура тексереді. Шаруа қожалықтарының құқықтарын қалпына келтіру мақсатында облыстық су шаруашылығы коммуналдық кәсіпорны құрылды. Қазір кәсіпорын су арналарын тазартумен айналысып жатыр. Нәтижесінде биыл 30 мыңға жуық шаруа қожалықтары суды қолайлы бағамен алады.
"Шаруалар нақты алынған судың көлеміне төлейді. Мысалы, қазір біздің тарифіміз 0.7 тиын бір теңгеге де жетпейді. Жалпы, филиал бойынша қазір 20 пайыз шаруалармен келісімшартқа отырдық. Мына Қаратұрық массиві бойынша мамырдың аяғында су беруді бастаймыз", - деді Қонаев атындағы үлкен Алматы каналының директоры Мейрам Арыстанов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек