Бүгін Алматы облысында жалпыоблыстық тазалық сенбілігі өтті. Ауқымды шараға облыстың барлық мекемесі мен ұжымдарының қызметкерлері, студент және оқушы жастардың бірі қалмай жұмыла атсалысты, деп хабарлайды BNews.kz.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлімдегендей, таңғы сағат 9.00-де басталған игі іске өңір басшысы Амандық Баталов бастаған барлық мемлекеттік мекеме қызметкері мен шырайлы өңіріміздің тазалығы мен көркін келтіруге бей-жай қарамайтын жетісулықтар бір адамдай қатысты.
Өңір басшысы Талдықорған қаласының тұрғындарымен Қаратал өзенінің жағажайын абаттандыру жұмыстарына қол ұшын беріп, осы жерге қайың, қарағай, емен көшеттерін отырғызып, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді.
Сенбілік аясында тек осы күннің өзінде Талдықорған қаласында 3000-нан астам көшет отырғызылды.
Тазалық шарасына мемлекеттік мекемелер білек сыбана жұмылды. Мәселен, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұжымы қаланың Жансүгіров көшесінің айналма жолға шығатын тұсын, ал энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Белов көшесінің бойын түрлі қоқыс пен түскен жапырақтардан тазартты.
«Сенбілікке шыққанда жұмыс ауқымы көп сияқты көрінген. Алайда, қолымызға күрек пен тырмамызды алып, іске кірісіп кеткеннен кейін, бөлініп берген аумақты тез арада тазалап шықтық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген де осы шығар. Көптен бері көрмеген таныстарымыз бен көршілерімізді көріп, жақсы жаңалықтарымызбен бөлісіп, көтеріңкі көңіл-күйде болдық», - деді сенбілікке қатысқан Арман Оралбеков.
Дәл осындай тазалық сенбілігі облысқа қарасты барлық аудан, қалада да өтті.
Күзгі сенбіліктің арқасында облыс аумағы тазарып, көшелері көріктеніп, жасыл желекке көмкеріле түсті.