Алматы облысында полицей зейнеткерді итеріп шығарды: тергеу басталды

Алматы облысында полиция қызметкері мен әйел арасында болған жанжалдан кейін қызметтік тергеу басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін әлеуметтік желіде полицей егде жастағы әйелді пәтерден күштеп итеріп шығарған сәті түсірілген видео тараған еді. Кадрларда әйел баспалдақтың темір тұтқасына соғылып, бүйірінің ауырғанын айтып шағымданады.

Оқиғаға қатысты пікір білдірген Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев бұл жағдай туралы Threads желісінде мәлімдеме жариялады.

"Оқиға орнында полицейлер бақылаушы органдар мен сот орындаушыларымен бірге сот шешімін орындау кезінде болған. Әйел мемлекеттік орган өкілдерінің заңды талабына бағынбаған. Соның салдарынан жанжал туындаған", – деді Әбікеев.

Оның айтуынша, полицейдің дөрекі әрекеті қатаң заңбұзушылық болып саналып, мүлде жол берілмейтін іс ретінде бағаланған.

"Бұл дерек бойынша қызметтік тергеу басталды. Кінәлі қызметкерлер жауапкершілікке тартылады. Тексеру барысы менің жеке бақылауымда. Полиция заң аясында, азаматтарға құрметпен қарауға тиіс. Кез келген заңбұзушылық қатаң түрде тоқтатылады", – деп атап өтті департамент басшысы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!