Алматы облысында полицей әйелін көлікпен қағып кеткен: ол көз жұмды

Әлеуметтік желіде Алматы облысы Балқаш ауданында адам өлімімен аяқталған жол апаты болғаны туралы ақпарат тарады. БАҚ мәліметінше, 38 жастағы әйелді күйеуі, яғни полиция қызметкері жүргізіп келе жатқан көлік қағып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желідегі мәліметке сүйенсек, 16 мамырда Балқаш аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қапшағай - Бақанас тасжолында жұбайын қағып өлтірген. Дерекке қарағанда, оқиға қызметтік көлікпен болған.

Алматы облысы Полиция департаменті әйел қаза тапқанын растады. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

ПД мәліметінше, қылмыс жасады деген күдікпен 37 жастағы ер адам ұсталған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"Оқиға салдарынан әйел сол жерде көз жұмды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында", - деді ведомствоның баспасөз қызметі өкілі.

Полицияның баспасөз қызметі бұл оқиғаға қызметкердің қатысы бар-жоғы туралы ақпаратты растамады, жоққа да шығармады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз