Алматы облысында "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында өңдеу өнеркәсібін қолдау мақсатында 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін 91 жоба қаржыландырылды.
Солардың бірі Іле ауданындағы «Компания-В» серіктестігі. Аталған кәсіпорын бүгінде ескі қағаздарды қайта өңдеп, кәсібін өркендетуде. Былтыр мемлекеттік бағдарлама арқылы 6 пайызбен 33 миллион теңгеден астам несие алған серіктестік, 130 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда.
«Жуырда сатып алған қондырғымыздың 70 пайыз қаржысына мемлекет көмектесіп отыр. Қазір жұмысымыз едәуір жеңілдеп, уақыт та үнемделуде»,- дейді кәсіпорын жұмысымен бөліскен серіктестік басшысы Вадим Долгополов.
Осындай мемлекеттік бағдарлама аясында кәсібінің көкжиегін кеңейтіп жатқан тағы бір серіктестік «Golden and Young» кәсіпорны. Қарасай ауданындағы бұл зауыт өз кәсібін тұрмыстық және өндірістік химияға бағыттап отыр. Химиялық заттардың 100-ден астам түрін өндіреді. Балаға арналған сусабындар, ыдыс-аяқ жуатын сұйықтық, косметикалық заттардың барлығы тұтынушыға «Қазақстанда жасалған» белгісімен жеткізіледі. Кәсіпорын кез келген пішіндегі ыдыстарды да құйып шығарады. Барлығы жылына 1200 тонна өнім өндіріледі.
Жалпы бағдарламадан қолдау тапқан кәсіпорындар соңғы 2 жылда 5,2 млрд. теңгеден астам салық төледі. 1700 жаңа жұмыс орны ашылды.
Самал Қабышева
Дереккөз: inform.kz