Алматы облысында оқушыны автобус басып кетті: тұрғындар наразылық білдірді

Алматы облысында оқушыны автобус басып кетті: тұрғындар наразылық білдірді
Фото: Massaget.kz / Нұрбол Ынтымақұлы

Алматы облысында қайғылы жағдай болды. Жеті жасар баланы мектеп автобусы соғып, көз жұмды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қайғылы оқиға шағын ауданға мектеп салынбауының кесірінен болған. Massaget.kz тілшісі оқиға орнына барып қайтты.

Алматы облысының "Асыл Арман" шағын ауданында мектеп автобусы жеті жасар баланы басып кетті. Куәгерлердің сөзінше, автобус жүргізушісі артқа шегінген сәтте баланы байқамай қалған.

Куәгер Гүлшат Елеусізова көлік баланың басын мыжып кеткенін жеткізді.

"Бала артқы дөңгелектің астында жатты. Қан өте көп болды. Жай ғана басып өтпеген, тура басынан басып кеткен. Дәрігерлер келіп, бетін жауып қойды. Шешесі тоқтаусыз жылады", - дейді тұрғын.

Тұрғындардың айтуынша, бұл - тек жүргізушінің емес, инфрақұрылымның жоқтығының кесірі. "Асыл Арманда" мектеп болмағандықтан, балаларды жақын маңдағы білім беру мекемелеріне тасымалдауға мәжбүр, бірақ жолда тиісті белгілер жоқ, ал ата-аналардың бәрінің такси жалдауға мүмкіндігі жоқ.

Қазаға байланысты ашынған ата-аналар мен тұрғындар шенеуніктерден ауданға мектеп салуды талап етті. Олар бұл қайғылы жағдайдың басты себебі ретінде білім ордасының жоқтығын көрсетеді.

"Бұнда екі бірдей отбасының шаңырағы шайқалып отыр. Бірі баласынан айрылды. Бірі асыраушысынан. Асыл Арманда 30 мың халық тұрады, бірақ бірде-бір мектеп жоқ. Жердің бәрін сатып жіберген. Біздің балаларымыз жан-жаққа тентіреп оқуға мәжбүр. Менің өзімде бес бала бар, әрқайсысы әртүрлі мектепте оқиды. Мектеп болмауының соңы осындай қайғылы оқиғаларға әкеліп жатыр," - дейді тұрғындардың бірі.

Халықтың басты талабы – білім ордасын тез арада салу.

Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Рүстам Айтшабаров мектеп құрлысының қаржылық жағдайға байланысты тоқтап тұрғанын айтты.

Фото: Massaget.kz / Нұрбол Ынтымақұлы

"Жеке меншік құрылысшы салып бітерміз деп уәде берген, бірақ қаржылық қиындықтарға байланысты тоқтап тұр. Құрылыс 2017 жылы басталды. Қаңқасы көтеріліп, шатыры жабылған. Мердігер мен құрылысқа қатысты сөйлесеміз", - дейді әкім орынбасары.

Аталған көлік әкімдіктен бөлінгенін де қоса кетті.

Халық "мектеп жырының" бітуіне тағы қанша бала опат болуы керек деп ашынып отыр.

Алматы облысы полиция департаментінің өкілі оқиғаға қатысты пікір білдірді.

"27 қарашада Іргелі селосы "Асыл Арман" тұрғын үй кешенінің тұрағында JAC автобусының жүргізушісі артқа қарай жүріп келе жатып, жеті жасар баланы басып кетті. Бала алған жарақаттарынан сол жерде қаза тапты", - делінген полицияның Massaget.kz-ке берген жауабында.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында 6 мың баланың үш ауысымда оқып жүргенін жазғанбыз. Дәл осы "Асыл Арман" және өзге де шағын ауданының балалары жақын маңда басқа мектептің жоқтығынан Кемертоғанға қатынап оқитынын айтқан едік.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Н. Ынтымақұлы